Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Хуситтер Сауд Арабиясындағы әуе базасына шабуыл жасаған

kz.kursiv.media

Хуситтер Сауд Арабиясындағы әуе базасына шабуыл жасаған

Йемендік хуситтер Сауд Арабиясының оңтүстік-батысындағы Хамис-Мушайт қаласында орналасқан Король Халид атындағы әуе базасына жаппай шабуыл жасағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Кursiv.Media.

«Ансар Аллах» қозғалысының әскери өкілі Яхья Сарианың айтуынша, шабуылға ондаған баллистикалық зымыран мен дрон қолданылған. Нысанаға авиациялық ангарлар, радиолокациялық жүйелер, ұшу-қону жолақтары және оқ-дәрі қоймалары алынған.

Хуситтер әуе базасына тікелей соққы жасалып, айтарлықтай залал келтірілгенін айтты. Алайда Сауд Арабиясы бұл ақпаратты әзірге растаған жоқ. Қозғалыс шабуылды соңғы бес күнде Сауд Арабиясының Йемен аумағына жасаған 300-ден астам әуе соққысына жауап ретінде ұйымдастырғанын мәлімдеді.

Сауд Арабиясының Азаматтық қорғаныс қызметі Хамис-Мушайт ауданында қауіп туралы ескерту жариялап, кейін қауіптің сейілгенін хабарлады. Тұрғындарға төтенше жағдайлар қызметінің нұсқауларын орындап, көшелерде жиналмау және оқиғаларды видеоға түсірмеу ескертілді. Сауд билігінің мәліметінше, өткен аптада елдің оңтүстігіне жасалған зымыран және дрон шабуылдарынан 73 бейбіт тұрғын зардап шеккен.

Бұл жағдай Йемендегі әскери қақтығыстың күшеюімен тұспа-тұс келіп отыр. Сауд Арабиясы қолдайтын үкіметтік күштер Таиз провинциясындағы бірқатар позицияны қайтарып алғанын және авиацияның қолдауымен ілгерілеуін жалғастырып жатқанын мәлімдеді.

Сонымен қатар6 хуситтер стратегиялық маңызы бар Баб-эль-Мандеб бұғазы маңындағы бақылауын кеңейтіп жатыр. AP агенттігінің хабарлауынша, қозғалыс бұғаздан шамамен 160 шақырым солтүстіктегі Үлкен және Кіші Ханиш аралдарын бақылауына алған. Бұған дейін хуситтер Қызыл теңізге кіреберістегі Перим аралын басып алған еді. Баб-эль-Мандеб бұғазы Қызыл теңізді Аден шығанағымен байланыстыратын және әлемдік сауда үшін маңызды теңіз жолы саналады.

Халықаралық көші-қон ұйымының соңғы мәліметінше, Йемендегі қақтығыстың шиеленісуіне байланысты 85 мыңнан астам адам үйлерін тастап кеткен. Тағы 2 мыңнан астам тұрғын Джибутиге қашқан. Хуситтер 2014 жылдан бері Йемен астанасы Сананы және елдің солтүстігінің едәуір бөлігін бақылауда ұстап келеді.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
15 қыркүйек 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар