Қазақстан мен Ресей шекарасында 160 жүк көлігі тоқтап тұр
Ақтөбе облысындағы «Жайсаң» автомобиль өткізу пунктінде Ресей Федерациясы бағытында 160-қа жуық жүк көлігі тоқтап тұр. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасаған Kursiv Media хабарлайды.
Комитет мәліметінше, кептеліске шекаралас ресейлік «Сагарчин» өткізу пунктінде жөндеу жұмыстарының жүргізілуі себеп болған. 4 қыркүйектен бастап ресейлік тарап жол төсемін ауыстырып жатыр. Осыған байланысты көлік құралдарының қозғалысы бір жолақ бойынша реверстік режимде ұйымдастырылған.
Мемлекеттік кірістер комитеті мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Жайсаң» АӨП-нің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етті және ресейлік тараптың автокөліктерді қабылдау мүмкіндігін ескере отырып, олардың қозғалысын жылдамдату бойынша шаралар қабылданатынын мәлімдеді.
Осы мақсатта өткізу пунктіндегі жұмыс күшейтілді, көліктерді жақын маңдағы өткізу пункттеріне ішінара қайта бөлу ұйымдастырылды. Ал жүргізушілермен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Бұған дейін қазақ-қырғыз шекарасында 400-ге жуық жүк көлігі кептелісте қалғанын жазған едік. Мемлекеттік кірістер комитеті кезектің көбеюін халықаралық жүк тасымалының маусымдық өсуімен, сондай-ақ, Қырғызстан территориясында жүк көліктері үшін қолданылатын шектеулермен түсіндірді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
15 қыркүйек 2026