Алаяқтар Қаржылық мониторинг агенттігі атынан хат жолдап жатыр
Қаржылық мониторинг агенттігі алаяқтардың агенттік атынан жалған ресми хаттар таратуы әлі де тыйылмай тұрғанын ескертті.
Бұл туралы Kursiv.media ҚМА-ға сүйеніп хабарлайды.
Агенттіктің мәліметінше, осындай жалған хат таратудың тағы бір дерегі анықталып отыр.
«Мемлекеттік органға жолданған хатта қаскөйлер тексеру жүргізіліп жатқанын алға тартып, азамат туралы мәліметтерді, соның ішінде оның мінездемесі мен өзге де ақпаратты сұратқан. Бұған дейін де алаяқтар осыған ұқсас тәсілді қолданған», – делінген ақпаратта.
ҚМА дерегінше, олар жалған хаттарды жібергеннен кейін азаматтарға телефон немесе мессенджер арқылы хабарласып, өздерін агенттіктің қызметкерлері ретінде таныстырған. Түрлі сылтаумен азаматтардың жеке және банк деректерін алуға тырысқан немесе ақша бопсалаған.
ҚМА ескертуінше, агенттіктің ресми хаттары тек белгіленген тәртіппен жолданады. ҚМА қызметкерлері телефон арқылы банк шоттарының деректерін беруді немесе ақша аударуды талап етпейді. Құжатта логотип, мөр немесе қолтаңба бар екеніне ғана сүйеніп, оған сенуге болмайды.
«Күмәнді хат алсаңыз, оның шынайылығын Агенттіктің ресми байланыс арналары арқылы тексеріңіз. Бейтаныс адамдарға жеке және банк деректеріңізді бермеңіз, олардың нұсқауымен ақша аудармаңыз», – делінген ақпаратта.
Мұның алдында криптовалюта түрінде микрокредит береміз деген алаяқтар әшкере болған еді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
15 қыркүйек 2026