Түркиядағы жер сілкінісінен кейін Қазақстан салған мектеп оқушыларды қабылдады
Түркияның Газиантеп провинциясы Нұрдағы ауданындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы мектеп алғаш рет оқушыларды қабылдады. Бұл туралы KazAID Қазақстандық халықаралық даму агенттігіне сілтеме жасаған Kursiv Media хабарлайды.
Мектеп Түркиядағы жойқын жер сілкінісінен кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен салынды. Бұл жоба Қазақстанның зардап шеккен аймақты қалпына келтіруге қосқан үлесі әрі бауырлас Қазақстан мен Түркия халықтарының ынтымақтастығының нышаны болды.
KazAID Қазақстандық халықаралық даму агенттігі хабарлағандай, мектеп 960 орынға есептелген, оның құрамында бастауыш білім беретін 32 сынып және мектепке дейінгі 4 сынып бар. Білім беру мекемесінде қазірдің өзінде 50 педагог жұмыс істеп жатыр.
«Оқушыларды сапалы оқыту және жан-жақты дамыту үшін қажетті заманауи инфрақұрылым құрылып, жайлы жағдайлар қамтамасыз етілді», – деп атап өтті агенттіктен.
Шараға «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің басқарма төрағасы Нұрғали Арыстанов, Газиантеп провинциясы губернаторының орынбасары Якуп Қылынчоғлу, жергілікті жұртшылық өкілдері, ата-аналар мен оқушылар қатысты.
Еске салайық, 2023 жылы Түркияның оңтүстігінде қуаты 7 баллдан асатын жер сілкінісі болған еді. 50 мыңға жуық адам қайтыс болып, он мыңдаған адам зардап шекті. Зілзаладан зардап шеккендерге қазақстандық құтқарушылар да көмектесті.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
15 қыркүйек 2026