Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Ақтөбе облысында 2 мыңнан аса ірі қарадан бруцеллез анықталды

kz.kursiv.media

Ақтөбе облысында 2 мыңнан аса ірі қарадан бруцеллез анықталды

Ақтөбе облысында ветеринар дәрігерлер 524 мыңнан астам ірі қарадан сынама алып, нәтижесінде 2 048 малдан бруцеллез анықталды. Бұл туралы Kursiv.media КазИнформ-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Жыл басынан бері сегіз ай ішінде Ақтөбе облысында 352 бас ұсақ малдан бруцеллез анықталған. Ауру шыққан барлық мал ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай жойылған.

Бұдан бөлек, өңірде ауыл шаруашылығы жануарлары арасында аса қауіпті аурулардың бес ошағы тіркелген.

Ырғыз ауданындағы Қызылжар ауылдық округіне қарасты Құрылыс және Шенбертал ауылдарында мал қырылған. Зертханалық тексеру нәтижесінде Құрылыс ауылында лептоспироз, ал Шенберталда тейлериоз анықталған.

Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасының басшысы Айбек Сембайдың айтуынша, бұл екі ауру өңірде бұған дейін тіркелмеген.

«Құрылыс ауылында лептоспироз, ал Шенбертал ауылында тейлериоз анықталды. Екі ауру да бұған дейін біздің облыста кездеспеген. Лептоспироз кеміргіштер арқылы таралады. Ветеринариялық инспекцияның ұсынысымен шектеу шаралары енгізіліп, эпизоотияға қарсы жасақ тиісті жұмыстарды жүргізді. Қазір екі ауылдағы жағдай тұрақталды», – деді Айбек Сембай.

Екі ауылда 53 бас мал жойылған. Сонымен қатар осы ауданның Жайсанбай ауылында 16 бас ірі қарадан тейлериоз анықталған.

Қазіргі таңда Ақтөбе облысында 2,5 миллионнан астам ауыл шаруашылығы жануары бар. Оның ішінде 692,9 мыңнан астамы – ірі қара, 1,3 миллионнан астамы – ұсақ мал, 445 мыңнан астамы – жылқы және 26,7 мыңға жуығы – түйе.

Биыл өңірде аса қауіпті 12 ауруға қарсы вакцинация жүргізу жоспарланған. Республикалық қордан облысқа 8 миллионнан астам доза вакцина жеткізіліп, олар аудандарға бөлінген.

Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында 800 ірі қараның бруцеллез ауруына шалдыққаны анықталды.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
17 қыркүйек 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар