Тынық мұхитындағы Эль-Ниньо күшейіп келеді: Қазақстанның ауа райына әсер ете ме
Тынық мұхитындағы Эль-Ниньо құбылысы күшейіп келеді. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМҰ) оның шарықтау шегі 2026 жылдың соңына қарай болады деп болжап отыр. «Қазгидромет» 1951–2025 жылдар аралығындағы бақылау деректерін талдап, бұл құбылыстың Қазақстандағы ауа райына байланысты қандай заңдылықтары барын анықтады.
Эль-Ниньо – экваторлық Тынық мұхитының орталық және шығыс бөлігіндегі жерүсті суының шамадан тыс жылынуымен сипатталатын климаттық құбылыс.
Эль-Ниньо Тынық мұхитының тропикалық бөлігінде пайда болғанымен, оның әсері бұл аймақпен шектелмейді. Қазақстанға бұл құбылыс тікелей емес, атмосфера циркуляциясының өзгеруі, циклондардың қозғалыс бағыты және Еуразия аумағындағы ауа массаларының ауысуы арқылы әсер етеді.
«Қазгидромет» РМК-ның 1951–2025 жылдардағы бақылау деректерін талдау Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығысындағы кейбір өңірлерде Эль-Ниньо кезінде суық маусымдағы жауын-шашын мөлшерінің белгілі бір заңдылықпен өзгеретінін көрсетті. Бұл байланыс Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Жетісу облысында айқынырақ байқалады. Ал елдің солтүстік өңірлеріне қарай бұл тәуелділік әлсірейді, – деп түсіндірді синоптиктер.
Десе де мамандар Эль-Ниньо мен Қазақстандағы ауа температурасы арасында тұрақты байланыс барын анықтамаған.
Бұл әсіресе Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлеріне қатысты. Бұл аймақтардағы ауа температурасына Арктика мен Солтүстік Атлантикадағы атмосфералық процестер, Сібір антициклоны және ауа айналымының ерекшеліктері сияқты басқа да ауқымды факторлар көбірек әсер етеді.
Сондықтан Эль-Ниньоның пайда болуы Қазақстанда ауа температурасы міндетті түрде өзгереді дегенді білдірмейді.
Метеорологтардың айтуынша, көпжылдық бақылау деректері белгілі бір климаттық заңдылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Алайда бұл деректерге сүйеніп, нақты бір маусымда ауа райының қандай болатынын алдын ала айту мүмкін емес.
«ДМҰ ұсынған бағалаулар Эль-Ниньоның жаһандық климаттық процестерге әсерін сипаттайды. Бұл Қазақстан аумағындағы нақты ауа райы жағдайларына жасалған болжам емес», – деп атап өтті мамандар.
Қыркүйек айының басында Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМҰ) Эль-Ниньо құбылысы 2026 жылдың соңына қарай шарықтау шегіне жетеді деп болжаған. Оның әсері кемінде 2027 жылдың ақпанына дейін сақталуы мүмкін. Бұл құбылыс әлемнің көптеген өңіріндегі ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшеріне әсер етуі ықтимал.
Осыған дейін «Қазгидромет» күзде ел аумағында ауа райы қандай болатынын жариялаған болатын. Синоптиктер болжамына сәйкес, қыркүйекте елдің басым бөлігінде ауа температурасы норма шамасында болса, қазанда республиканың басым бөлігінде күн жылы болады. Ал қарашада республиканың басым бөлігінде айлық орташа ауа температурасы нормадан 1-2°С жоғары болады деп болжанды.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
17 қыркүйек 2026