Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Freedom Telecom қаржылық экожүйе базасында жаңа операторды қалай құрып жатыр

kz.kursiv.media

Freedom Telecom қаржылық экожүйе базасында жаңа операторды қалай құрып жатыр

Freedom Telecom – Қазақстанның байланыс нарығындағы ең өршіл жобалардың бірі. Оның ерекшелігі – «тақыр жерде» емес, банк, суперапп және медиасы бар Freedom қаржылық экожүйесінің базасында құрылған алғашқы оператор болуында. Компания меншікті инфрақұрылымының технологиялық іргетасына айналу үшін оған 300 миллион доллардан астам инвестиция салды. Қаржылық холдингке желіні нөлден бастап құрудың не қажеті бар, радиофобия неліктен өңірлерде байланыстың дамуына басты кедергі болып отыр және Қазақстанда жаңа мобильді оператор қашан пайда болады? Осы туралы, сондай-ақ SHL-тестілеу арқылы жұмысқа қабылдау мен ЖИ-ді жұмыс процестеріне біріктіру жайлы «Курсивке» берген сұхбатында Freedom Telecom CEO-сы Қайрат Ахметов айтып берді.

Freedom Telecom холдинг үшін қандай стратегиялық құндылық қалыптастырады, нәтижесінде қандай бизнес-модель құрып жатсыздар?

Үлкен холдингке өз инфрақұрылымы қажет. Топ ішінде телекомның болуы бізге байланыс сапасы мен контентті жеткізу жылдамдығын бақылауда ұстауға мүмкіндік береді – бұл арналардың сенімділігі мен қауіпсіздігі маңызды банк сервистері үшін де, жылдамдық шешуші рөл атқаратын Freedom Media жобасы үшін де өте маңызды. Сондықтан біз, мәні жағынан, экожүйенің инфрақұрылымдық элементіміз: стационарлық интернетті, Wi-Fi-ды, ал келешекте мобильді байланысты да іске қосуға мүмкіндік береміз.

Бүгінде байланыс – электр қуаты мен су сияқты базалық дүние, біз адамдар ол үшін аз төлегенін қалаймыз. Бұл ретте экономика екі бағытта да жұмыс істейді: SuperApp арқылы байланыс қызметтерін сату, келешекте ашық нарықта жұмыс істегеннен де тиімдірек болады, өйткені біз клиентті тартып әкелуге қайтадан шығынданбаймыз – ол экожүйенің ішінде бар. Біз құрып жатқан модель осы: холдингтің қаржылық және цифрлық контурына кіріктірілген инфрақұрылым.

Неліктен дайын желілерді жалға алмай, инфрақұрылымды өздеріңіз құруды ұйғардыңыздар?

Нарықта жалға алып, алаңсыз жұмыс істей беретін дайын инфрақұрылым атымен жоқ. Егер өңірде бір ғана кабель тартылған болса, бұл аса қауіпті әрі осал нүктеге айналады: трактор оны байқамай үзіп кетсе – бәрі байланыссыз қалады. Біреудің жалғыз осал нүктесіне тәуелді болып, жаңа оператор құрудың еш мәні жоқ. Бізге сенімділікті бақылау керек, ал оны меншікті желі ғана бере алады.

Меншікті желі үлкен инвестицияны талап етеді. Бүгінде елдегі телеком-инфрақұрылымның дамуына не кедергі?

Бір уақытта бірнеше фактор әсер етеді. Бұған, біріншіден, реттеу шаралары мен рұқсат алудың қиындығы – кабель жүргізуге, шатырларға қол жеткізуге байланысты түйткілдер жатады. Екіншіден, қаражат маңызды: телеком жаһандық деңгейде инфрақұрылымға орасан зор инвестицияларды қажет етеді, ал Қазақстанда қазір капитал өте қымбат – қаражатты құрылысқа салғанша, депозитке ұстаған әлдеқайда оңай. Бірақ байланысқа инвестиция құймасақ, ешқандай даму болмайды, сондықтан біз бұл қадамға саналы түрде барып отырмыз. Үшінші себеп, әдетте ескеріле бермейтін радиофобия факторы. Негізінен, елдегі байланыс проблемаларының көбінің түпкі себебі осы.

Радиофобия туралы толығырақ айтып берсеңіз – неге оны саланың басты кедергісі деп атайсыз?

Қазақстандағы телеком-жабдықтардың рұқсат етілген қуаты көптеген басқа елдерге қарағанда әлдеқайда консервативті және кәдімгі күн сәулесімен салыстырғанда тым әлсіз. Бұл әрдайым айқын емес, ал мұндағы логика дағдылы түсінікке кері келеді: базалық станция сізден неғұрлым алыс болса, желіге жету үшін телефоныңыз соғұрлым күштірек «айқайлауға» – көбірек сәуле шығаруға және батареяны тезірек отырғызуға мәжбүр болады. Станцияларды, керісінше, сыбырлап, тыныш жұмыс істеуі үшін адамдарға жақынырақ орналастыру керек. Бірақ үрей оларды шатырларға орнатуға мүмкіндік бермейді, бұл бүкіл саладағы байланыстың дамуын шектейді.

Бүгінде желі қай жерлерде жұмыс істеп тұр, жергілікті жерлерде инфрақұрылымдарыңыз қалай ұйымдастырылған?

Біздің бағыттарымыз өзара байланысты және біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейді – тіркелген интернет, Wi-Fi, FWA сымсыз қатынауы және B2B-сервистер бірін-бірі толықтырады, бөлек өмір сүрмейді. FWA бойынша біз Шымкент, Ақтау, Тараз, Түркістан және Қонаев қалаларында желіні іске қостық, қазір Астана мен Алматыда өрістетіп жатырмыз – бірқатар аудандарда бүгін-ақ қосылуға болады. Huawei жабдығын пайдаланамыз; ыңғайлы жиілік диапазоны мен кең жолақтың арқасында 2 Гбит/с-тан жоғары жылдамдық береміз. Параллельді түрде бізде 3 мыңға жуық Wi-Fi нүктесі жұмыс істейді, ал оның пайдаланушылар саны миллионнан асты. Осының бәрі – шашыраңқы өнімдер емес, үстіне клиенттік сервистерді құратын біртұтас желінің қабаттары.

Қазіргі уақытта клиенттік базаның жағдайы қалай, қай бағыттар бойынша жылдамырақ өсіп жатсыздар?

Бізде B2B зәкірлі клиенттерінің салмақты базасы мен оптиканы пайдаланушылардың өсіп келе жатқан базасы бар, ал Wi-Fi бойынша, айтып өткенімдей, миллиондық межеден асып түстік. FWA бойынша өте қарқынды өсіп келеміз – кейбір қалаларда бір жылға жетпейтін уақыт ішінде нарықтың 10%-ын иемдендік.

Қазір қай бағыттар түсім келтіріп отыр, ал қайсысы – болашаққа салынған инвестиция?

Біз туралы тек B2B-компания деген әсер қалдырмау маңызды – бұлай емес. Иә, бүгінде негізгі түсімді B2B әкеледі, бірақ бізде бұқаралық сегмент те бар: тіркелген интернет, Wi-Fi, үй шаруашылықтарына арналған FWA. Стратегиялық тұрғыдан біз B2C төңірегінде бой көтеріп жатырмыз және шағын әрі орта бизнеске басымдық береміз. Мұндағы логика – жай «интернеті бар құбырды» ұсынбай, кешенді өнімдерді – ЖИ базасындағы шешімдерді, бейнебақылауды, Wi-Fi-ды ұсыну және оларды Freedom Bank өнімдерімен әрі Freedom Travel сияқты сервистермен байланыстыру. Бұл – классикалық оператордың жалғыз өзі ұсына алмайтын мүмкіндігі.

Сұхбат жалғасын сілтеме арқылы оқи аласыз.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
17 қыркүйек 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар