Қай елдерде мектепке орамалмен келуге тыйым салынған
Биыл жаңа оқу жылы қарсаңында үлкен дау болған тақырыптың бірі – мектептегі оқушылардың орамал тағуы. Министрлік бірден позициясын айқындап алды. Ресми түрде мектепте хиджаб киюге тыйым салды. Дегенмен оқушыға орамал тағуға тыйым салған тек Қазақстан ғана емес. Kursiv Media хиджабқа рұқсат бермеген елдерді анықтап көрді.
Франция
Еуропада оқушыларға ресми түрде орамал тағуға тыйым салған ел – Франция. Осыдан 22 жыл бұрын арнайы заң қабылдаған. Оған сәйкес, мектепте және оқу орындарында хиджаб, никаб тәрізді діни атрибутиканы пайдалануға тыйым салған. Биліктің түсіндіруінше, мектеп діни және саяси қысымнан аулақ аумақ болуы керек. Мемлекеттік қызметкерлер де жұмыс орнында діни ұстанымын білдірмеуі тиіс. Ал 2010 жылдан бастап елде қоғамдық орындарда бет-жүзін тұмшалап алуға да тыйым салды. Ел үкіметі заң орындалуын міндеттеу үшін қатал шараға дейін барады. Мәселен, 2024 жылы Туркуэн қаласында 18 жастағы мектеп оқушысы мектепке орамалмен келген. Мұғалім ескертуіне қарамастан ол орамалын шешпейді. Тіпті ұстазына айқайлап, былапыт сөздер айтқан. Сот мұғалімнің намысына тиген оқушыны кінәлі деп тауып, төрт айға бас бостандығынан айырып, азаматтық тәрбие курсынан өтуге мәжбүрледі.
Енді оппозиция көпшілік ортасында орамал тағуды да шектеуді ұсынып отыр. Биыл CNEWS, Europe 1 және Le Journal du Dimanche тәрізді медиатоптар арнайы зерттеу жүргізді. Соған сәйкес, француздардың 60%-ы қоғамдық орында орамал тағуға шектеу салу керек десе, ал 53%-ы бұл талапты бұзғаны үшін айыппұл енгізуді қолдайды.
Аустрия
Биыл 1 қыркүйектен бастап Аустрия мектептерінде де 14 жасқа толмаған қыздарға «мұсылман дәстүрі бойынша басты жабатын» бас киімдерді киюге тыйым салды. Жаңа ережелер мемлекеттік мектептерде де, жекеменшік оқу орындарында да күшіне енеді.
Бұл тыйым қоғамда қызу пікірталас тудырды. Аустрия үкіметі аталған заңды қыздардың дербестігін арттыруға, гендерлік теңдікті нығайтуға және оларды қорғауға бағытталған қадам деп есептейді. Ал сыншылар мұны қоғамның белгілі бір тобына әдейі бағытталған саясат деп бағалайды.
Дания
2018 жылдан бастап Дания да қоғамдық орындарда ниқаб, паранжа тәрізді адамның бетін, денесін түгел жауып тастайтын киім киюге тыйым салды. Бірақ бұл шектеу білім беру орындарына қатысты емес еді. 2022 жылдан бастап үкімет осы мәселені тағы көтеріп, бастауыш мектепте хиджаб киюге тыйым салмақ болған. Бірақ заң қабылданбады. Былтыр үкіметте бұл мәселе тағы көтеріліп, елдің премьер-министр Дании Метте Фредериксен барынша қатаң шектеу енгізейік деп отыр. Оның сөзінше, мектепте орамал тағу және намазханалардың болуы оқушылар арасындағы дискриминация мен алауыздықты өршіте түседі.
Орамалға неге қарсы?
Негізінен Еуропа елдерінде білім беру орындарында орамал тағуға толық тыйым жоқ. Германия, Италия, Бельгия тәрізді елдерде әрбір өңір немесе мектептер өз бетінше шешуі керек. Соның өзінде мектеп басшылығы мен оқушылар арасында дау болған оқиғалар тіркелген жағдайлар бар. Испанияның кейбір аймақтарында және жекелеген мектептерде діни киімге байланысты шектеулер енгізілген. Мысалы, Каталониядағы кейбір білім беру ұйымдары оқушылардың діни киіміне қатысты ішкі тәртіп ережелерін қолданған.
2024 жылы Ресей де қоғамдық орындарда, мемлекеттік мекемелерде хиджаб, орамал тағуға тыйым салуға тырыспақ болды. Тіпті Мемлекеттік Думаға арнайы заң жобасы да түскен еді. Бірақ қоғам тарапында үлкен дау туды. Шешенстан президенті Рамзан Қадыров Білім министрлігімен келіспей, «заң жобасы елдегі басты мәселелерден назарымызды аудару үшін жасалып жатыр» деп мәлімдеген. Былтыр заң жобасын парламент қарауынан алып тастады.
Аталған ел үкіметтері орамалға рұқсат беруде алдымен Конституцияға сүйенеді. Заң бойынша, адамдар діни көзқарасын білдіруге құқығы бар, сондықтан діни сенімін білдіретін атрибутикаларды да пайдалана алады деп есептейді.
Ал хиджабқа тыйым салған ел үкіметтерінің басты аргумені – зайырлылық. Яғни заң мен дін екі бөлек өмір сүруі қажет. Тиісінше, мемлекеттік білім беру жүйесіне де дін араласа алмайды. Мектеп діни бейтарап кеңістік ретінде қала беруі тиіс. Одан бөлек баланың еркіндігін алға тартады. Яғни, ол кәмелеттік жасқа жеткенше діни ұстанымда еркін болуы тиіс. Ата-анасының немесе басқа ересектердің тарапынан діни қысымға ұшырамауы керек.
Бұл тақырыпта Қазақстан үкіметі де көзқарасын анық білдірді. Биыл Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектептерде хиджаб киюге тыйым салғанын тағы бір рет еске салды. Тіпті заң бұзған жекеменшік мектептерді лицензиясынан айырмақшы екенін де айтып өтті.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
16 қыркүйек 2026