Қазақстан Халық Кеңесін құруға 1,7 млрд теңге бөлінеді
2027 жылғы бюджетте Қазақстан Халық Кеңесін құруға 1,7 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы қаржы вице-министрі Абзал Бейсембекұлы Құрылтайда мәлімдеді, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Оның айтуынша, қауіпсіздік, мемлекеттік басқару және резервтер бағытына 2027 жылы 4,9 трлн теңге көзделген. Оның 3,3 трлн теңгесі күш блогына, 787 млрд теңгесі мемлекеттік басқаруға бағытталады.
Сонымен қатар, Президент бастамаларын іске асыру үшін 470 млрд теңге көлемінде резерв қалыптастырылған. Осы қаражат аясында Қазақстан Халық Кеңесін құруға 1,7 млрд теңге қарастырылған.
«Бюджет жобасын қалыптастыру кезінде мемлекеттік органдардың бастапқы ұсыныстары да қайта қаралған. 2027 жылға мемлекеттік органдар жалпы 36,9 трлн теңге сұрады. Пысықтау нәтижесінде 30,2 трлн теңге көлеміндегі шығыстар қолдау тапқан. Яғни шамамен 6,7 трлн теңгенің ұсынысы бюджетке енгізілмеді»,- деді ол.
Вице-министр оның ішінде 5,1 трлн теңге негізсіз мәлімделген шығыстар екенін айтты.
«Олар бойынша қажетті нормативтік құқықтық актілер, әдістемелер, тарифтер және растайтын құжаттар жоқ, нысаналы индикаторларға қол жеткізуге ықпал ету, сондай-ақ республикалық бюджеттен қаржыландыру қажеттілігі негізделмеген. Қалған 1,3 трлн теңге – бұл даму жоспарларының мақсаттарына қол жеткізу үшін қажетті шығыстар. Алайда, бюджеттің қолда бар мүмкіндіктерін ескере отырып, оларды жоспарлы кезеңде қаржыландыру мүмкін емес», – деді Бейсембекұлы.
Тағы оқыңыз: Қазақстан Халық кеңесі қашан құрылады
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
17 қыркүйек 2026