ЕО басшысы 13 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіге кіруге тыйым салуды ұсынды
Еуропалық комиссия балалардың әлеуметтік желіге кіруін жасына қарай шектеуді ұсынды. ЕК төрағасы Урсула фон дер Ляйеннің ұсынысы бойынша, 13 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желі қолдануға толық тыйым салынуы мүмкін. Ал 13–15 жастағы жасөспірімдерге ата-анасының бақылауымен шектеулі мүмкіндіктері бар арнайы аккаунттар ашу көзделіп отыр. Бұл туралы Kursiv.media Associated Press-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Фон дер Ляйен бұл ұсынысты Страсбургте Еуропалық одақтың жыл сайынғы есебін таныстыру кезінде айтты. Оның сөзінше, платформалар балаларды тәуелді ететін функциялар мен зиянды контенттен қорғауы керек.
«Біз тәуелділік тудыратын функцияларға және балалардың барған сайын қауіпті контентке тартылуына төзуге міндетті емеспіз», – деді Еуропалық комиссия басшысы.
13–15 жастағылар үшін ата-анасы немесе қамқоршысы бақылайтын «шағын аккаунттар» енгізу ұсынылады. Ал 18 жасқа толмағандарға арналған платформаларда қауіпсіздік талаптары күшейтілуі мүмкін. Ұсыныстың толық нұсқасы 17 қыркүйекте таныстырылады.
Фон дер Ляйен сөзінде қуатты жасанды интеллект модельдерін әзірлеу қарқынын бақылау қажеттігін де айтты. Оның пікірінше, технология адамзатқа үлкен пайда әкелуі мүмкін, бірақ оның қауіптерін де ескеру қажет.
«Бұл технологияны жасап жатқан адамдардың өздері қарқынды бәсеңдету керек екенін айтып отыр. Ендеше, біз де бұл мәселеде анық әрекет етуіміз керек», – деді ол.
ЕО бұдан әрі қауіпті болуы мүмкін жасанды интеллект технологияларының дамуын тежеуге бағытталған шараларды қолдауды және Ұлыбритания мен Канадамен бірге қауіпсіздік мәселелері бойынша жұмыс істеуді жоспарлап отыр.
Еске салайық, мұндай ұсыныс Қазақстанда айтыла бстады. Құрылтайдың алғашқы сессиясында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне заңмен тыйым салу туралы Үкімет ұсынысын қолдайтынын жеткізген болатын.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
16 қыркүйек 2026