«Шындыққа сәйкес келмейді»: «Қайрат» Бабаянның айыптауларына жауап берді
«Қайрат» футбол клубы «Астананың» бас бапкері Григорий Бабаянның матчтан кейін жасаған мәлімдемелеріне байланысты арнайы ресми мәлімдеме таратып, өз ұстанымын білдірді.
Алматылық ұжымның өкілдері Бабаянның «Қайрат ойынды ауыстыруға кедергі келтірді» деген сөзін жоққа шығарды.
Клуб таратқан ақпаратқа сәйкес, Премьер-лиганың 19-турындағы қос ұжым арасындағы кездесу бастапқыда 2024 жылғы 31 тамызға жоспарланғанымен, белгіленген тәртіпке сай 1 қыркүйекке ауыстырылған болатын. Матчты шегеру туралы шешім «Астананың» УЕФА Конференция лигасындағы іріктеу кезеңіне қатысуына байланысты 2024 жылғы 21 тамызда ресми жарияланған. Осыған орай, «Қайрат» бұл ойынның кейінге шегірілуіне қандай да бір жолмен кедергі жасады деу шындыққа жанаспайды.
Сонымен қатар, алматылық клуб 2024 жылы екі команда арасында орын алған ынтымақтастық фактілерін де еске салды.
««Астана» ФК Алматыда матчтарын өткізген кезеңде «Қайрат» ФК мамандары Орталық стадиондағы футбол алаңын дайындау мен қызмет көрсету жұмыстарына тікелей қатысып, елордалық клубтың ойындарын өткізуге қажетті жағдайды толық қамтамасыз етті. Сондықтан «Қайрат» «Астанаға» Алматыда ойнағанда ешқандай қолдау көрсетпеді деген мәлімдемелер де шындыққа сәйкес келмейді», — делінген «Қайрат» ФК ресми хабарламасында.
Осылайша, «Қайрат» басшылығы Григорий Бабаянның айыптауларын толығымен негізсіз деп санап, елордалық клубқа әрдайым қолдау білдіріп келгенін алға тартты.
Бұған дейін, «Қайраттың» бас бапкері «Астанамен» болған ойын туралы «Шапито» деп қысқа қайырып, баспасөз маслихатынан кетіп қалды.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
18 қыркүйек 2026