Бір адамға 15 шаршы метрден: Алматыда пәтерге тіркелуге шектеу қойылмақ
Алматыда тұрғылықты және уақытша тұратын жері бойынша тіркеуге қатысты жаңа норма бекітілді. Енді тіркеу кезінде тұрғын үйдің ауданы ескеріледі, бір адамға кемінде 15 шаршы метр жалпы алаң қарастырылуы тиіс деп хабарлайды Kursiv.media.
Алматы мәслихатының сессиясында тиісті жобаны қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов таныстырды. Депутаттар жобаны қолдады.
«Жаңа тәртіп бір мекенжайға тым көп адамның тіркелу жағдайларын шектеу және тұрғындардың нақты санын дәлірек анықтау үшін енгізіліп отыр», – деп хабарлады қала әкімдігі.
Бұл ретте 15 шаршы метр нормативі әр адамға осындай көлемде жеке баспана берілуі керек дегенді білдірмейді. Бұл – тіркеу кезінде қолданылатын есептік көрсеткіш қана.
Бұл шектеу тұрғын үй иесінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарына қолданылмайды. Белгіленген нормадан асса да, тұрғын үй иесі жұбайын, балаларын және олардың отбасы мүшелерін, жақын туыстарын, сондай-ақ асырауындағы, қамқорлығындағы немесе қорғаншылықтағы адамдарды тіркей алады.
«Жаңа норма тіркеу есебін реттеп, әр ауданда іс жүзінде қанша адам тұратынын дәлірек анықтауға мүмкіндік береді. Бұл мектептер мен емханаларға түсетін жүктемені, коммуналдық және басқа да қалалық инфрақұрылымның қажеттілігін жоспарлау үшін маңызды», – деді Бауыржан Жаубасов.
Еске салайық, 5 қыркүйектен бастап Астанада да тұрғылықты және уақытша тұратын жері бойынша тіркеуге қатысты жаңартылған ережелер күшіне енді. Жаңа талапқа сәйкес, тұрғын үйге тіркелген әр адамға кемінде 15 шаршы метр пайдалы алаң тиесілі болуы керек.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
18 қыркүйек 2026