Ерлан Қарин үстел теннисінен Президент кубогының жеңімпаздарын марапаттады
Астанада үстел теннисінен WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup халықаралық турнирі мәресіне жетті. Қазақстанда алғаш рет WTT Star Contender санатында ұйымдастырылған додаға әлемнің 29 елінен 160 спортшы қатысты. Жарыстың финалдық кездесулерін Қазақстан Республикасының вице-президенті Ерлан Қарин тамашалап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Президенттің ашық кубогы 15–20 қыркүйек аралығында Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтті. Турнирдің жалпы жүлде қоры 300 мың АҚШ долларын құрады. Спортшылар ерлер және әйелдер арасындағы жекелей, ерлер және әйелдер жұптық, сондай-ақ аралас жұптық сын бойынша бес санатта бақ сынады.
Ерлер арасындағы жекелей сында Германия өкілі Данг Цю чемпион атанды. Финалда ол франциялық Алексис Лебрунды жеңді. Қола жүлделер Қытай спортшылары Чжоу Цихао мен Ли Тяньянға бұйырды.
Әйелдер арасында Жапония өкілі Мию Кихара жеңімпаз атанды. Екінші орынға оның отандасы Хитоми Сато жайғасса, Сацуки Одо мен Қытай спортшысы Ван Иди қола жүлдеге ие болды.
Аралас жұптық сында қытайлық Чен Юнсон мен Ван Иди жеңіске жетті. Күміс жүлдені жапониялық Хирому Кобаяши мен Мию Кихара иеленді. Ал Қазақстан атынан сынға түскен Фанг Бо мен Цзя Нань Юань қола жүлдеге қол жеткізді. Үшінші орын кореялық Пак Канхён мен Ю Сиу жұбына да бұйырды.
Ерлан Қарин жарыстан кейін Қазақстанда осындай деңгейдегі халықаралық турнир өткізудің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, мұндай додалар жастарды спортқа ынталандырып, үстел теннисіне қызығушылықты арттырады. Сондай-ақ Астанадағы жарыс 2027 жылы Қазақстан қабылдайтын үстел теннисінен әлем чемпионаты алдындағы маңызды дайындық саналады.
«Бүгінгі турнир әлем біріншілігі алдындағы өз алдына бір дайындық іспетті. Қазақстан үстел теннисінен жаһан чемпионатын қабылдайтын Орталық Азиядағы алғашқы ел болмақ», – деді Вице-Президент.
WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup World Table Tennis ұйымының ресми күнтізбесіне енген. Қазақстанда жарысты Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен Nomad Table Tennis Academy ұйымдастырды.
A post shared by Erlan Karin (@erlankarin2019)
Айта кетейік, 2027 жылы Қазақстан үстел теннисінен әлем чемпионатын қабылдайды. Бұған дейін Тоқаев Халықаралық үстел теннисі федерациясының президентін «Достық» орденімен марапаттаған еді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
21 қыркүйек 2026