2026 Global Cities Index рейтингі: Алматы мен Астана Ташкенттен озып кетті
Oxford Economics ұйымы әлемнің 1000 қаласын экономика, адами капитал, өмір сапасы, экология және басқару сияқты бес санат бойынша бағалады, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Рейтингтің көшбасшы үштігі екінші жыл қатарынан өзгерген жоқ. Нью-Йорк, Лондон және Париж алғашқы үштікте тұр. Былтырғы топ-10 қаланың сегізі биыл да өз орнын сақтаған.
АҚШ-қа алғашқы жүздікке енген 30 қала тиесілі. Алайда рейтингтің жоғарғы бөлігіндегі тұрақтылық Азиядағы айтарлықтай өзгерістерді жасырып тұр. Мәселен, Шанхай экономика көлемі бойынша 2000 жылы 70-орында болса, 2025 жылы 21-орынға көтерілген. Ал 2050 жылға қарай 15-орынға шығуы болжанып отыр.
Үш қала – үш түрлі нәтиже
Алматы 1000 қаланың ішінде 265-орынға жайғасты. Экономика бойынша – 288, өмір сапасы бойынша – 269-орында. Ал адами капитал көрсеткіші айтарлықтай жоғары, қала бұл санатта әлем бойынша 66-орында тұр. Бұл Алматының бес санаттағы ең үздік көрсеткіші. Экология бойынша қала 845-орында қалып, ең әлсіз нәтижесін көрсетті.
Астана рейтингте 281 орында тұр. Экономика көрсеткіші бойынша ол Алматыдан жоғары, яғни 264-орынға ие. Адами капитал бойынша да Астана жоғары нәтиже көрсетіп, 98-орынға жайғасқан. Экология көрсеткіші Алматыға қарағанда жақсырақ, 630-орынды көрсетіп отыр. Дегенмен бұл да қаланың әлсіз тұстарының бірі.
Шымкент 550-орында тұр. Қаланың экономикасы бойынша көрсеткіші 629-орын, ал экология бойынша 898-орын. Бұл рейтингтегі ең төмен нәтижелердің бірі.
Үш қазақстандық қаланың басқару көрсеткіші бірдей – 622-орын. Бұл кездейсоқтық емес. Oxford Economics әдістемесінде governance, яғни басқару санаты қала деңгейінде емес, ел деңгейінде есептеледі. Сондықтан Қазақстанның үш қаласы да бірдей көрсеткіш алған.
Өзбекстан астанасы жалпы рейтингте 343-орында, яғни Алматы мен Астанадан төмен орналасқан. Соған қарамастан Ташкент Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі «назар аударатын қалалар» қатарына енді.
Бұған қаланың экономикалық даму қарқыны себеп. Oxford Economics болжамынша, Ташкент экономикасы 2026-2030 жылдары жылына 7%-дан астам өседі. Ұйым оны Орталық Азия мен Шығыс Еуропада ЖІӨ өсімі бойынша ең жылдам дамып келе жатқан қала және осы көрсеткіш бойынша әлемдегі топ-50 қаланың бірі деп атаған.
Сонымен қатар Ташкенттің әлсіз тұстары да көрсетілген. Олардың қатарында температуралық аномалиялардың күшеюі, шығарындылардың жоғары деңгейі және тұрғын үй бағасының табысқа шаққандағы қымбаттығы бар.
Тағы да оқыңыз: БҰҰ рейтингі: Қазақстан адам дамуы бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
21 қыркүйек 2026