Қазақстанда биыл жасөспірімдер арасындағы суицид 25%-ға өсті
Қазақстанда 2026 жылдың басынан бері 168 жасөспірім суицидтен көз жұмған деп хабарлайды Kursiv Media «Qamqor» порталындағы деректерге сілтеме жасап.
2025 жылдың 9 айындағы есеп бойынша, 134 жасөспірім өзіне қол салған. Осылайша биылғы көрсеткіш бір жылда 25,4%-ға өскен.
Өңірлер арасында ең көп өсім Түркістан облысында байқалады. Мұнда көрсеткіш 26-дан 40 жағдайға дейін өскен. Астана қаласында 7-ден 15-ке, Алматы облысында 8-ден 17-ге көбейген.
Ал кей өңірлерде жағдай керісінше азайған. Мәселен, Қызылорда облысында суицид саны 8-ден 3-ке, Ақтөбеде 8-ден 5-ке, Қостанайда 6-дан 4-ке төмендеген.
Өз-өзіне қол салғандар арасында үш жағдайда жасөспірім мас болған, ал бір жағдайда наша шеккені тіркелген. Өзгелері алкоголь немесе есірткінің ықпалынсыз, саналы түрде барған. Суицидке барғандардың 81%-ы толық отбасында тәрбиеленген (былтырғы көрсеткіш бойынша 134 баланың 117-і).
Жасөспірімдер арасында қыздарға қарағанда ұлдар арасында өзіне қол жұмсау көбірек тіркелген. Мәселен, суицид жасады деген 168 жастың 113-і ұл, 55-і қыз бала (былтырғы дерек бойынша, 134 баланың 94-і ұл, 40-ы қыз бала).
Жасөспірімдер арасындағы суицид жағдайларында ең көп тіркелгені – жалғыз қалу, өзін жалғыз сезіну деген фактор. Екінші орында – ата-анасымен жанжалдасып қалу деген себеп тұр. Тұрғын үй жағдайының қолайсыз болуы, материалдық жағдайынан қысылу, туыстар арасындағы жанжал да суицидке себеп болған негізгі факторлардың бірі екен.
Ескерту: Бұл материал суицидтің алдын алу және қоғамдағы мәселені түсіндіру мақсатында дайындалды. Егер сізге немесе жақын адамыңызға психологиялық көмек қажет болса, мамандарға жүгініңіз. Балалар мен жасөспірімдерге арналған 150 сенім телефоны тәулік бойы жұмыс істейді.
Оқи отырыңыз: Стендап-комик Руслан Тай суицид жасамақ болғаны жайлы айтып берді
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
21 қыркүйек 2026