Еуропаға саяхат қымбаттауы мүмкін: визалық ереже өзгермек
Шенген аймағына саяхаттау болашақта қымбаттауы мүмкін. Еурокомиссия Шенген визасының қазіргі төлеміне қосымша алым енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Әзірге бұл – Еуропалық одақтың Визалық кодексін жаңарту аясында талқыланып жатқан ұсыныстардың бірі. Қосымша алымның нақты мөлшері әзірге белгісіз. Оны енгізу туралы түпкілікті шешім де қабылданған жоқ.
Еурокомиссия жаңа визалық ережелер бойынша ұсынысты 2027 жылдың бірінші тоқсанында таныстыруды жоспарлап отыр.
Қосымша алым енгізілген жағдайда, одан түскен қаражат ЕО-ның ортақ визалық саясатын дамытуға бағытталуы мүмкін.
Сонымен қатар, ЕО визалық рәсімдерді сенімді туристер мен іскерлік сапарға шығатын азаматтар үшін жеңілдетуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, тексерілген компаниялардың қызметкерлеріне өтініштерді жедел қарау, басым кезек беру немесе құжаттар санын азайту мүмкіндігі қарастырылуда.
Жаңа ережелер визалық саясатты қауіпсіздік, көші-қон және ЕО-ға кірмейтін елдермен қарым-қатынас мәселелерімен байланыстыруға да бағытталмақ.
Қазіргі таңда Еурокомиссия азаматтардан, мемлекеттік органдардан, бизнес өкілдері мен саяхатшылардан жаңа ережелер бойынша ұсыныстар жинап жатыр. Визалық кодекстің жаңартылған нұсқасын әзірлеу мерзімі өзгеруі мүмкін.
Айта кетейік, осыған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ЕО лидерлерінің келіссөздер қорытындысы бойынша визалық режимді жеңілдету мәселелері талқыланған.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
21 қыркүйек 2026