Зеленскийдің кеңесшісі Тимур Турловтың FIDE-дегі командасында болуға келісті
Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті қызметіне кандидат Тимур Турлов Украина өкілдерін өзінің болашақ басқару командасының құрамына шақырды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Украина президенті кеңсесінің кеңесшісі Михаил Подоляк бұл ұсынысты қабылдап, Турлов сайланған жағдайда FIDE-нің жаңа құрылымына вице-президент ретінде қосылуға дайын екенін мәлімдеді.
Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турлов X әлеуметтік желісінде Михаил Подолякқа ашық үндеу жариялады. Ол әлемдік спорт ұйымының басшылығына Украина өкілдерінің тікелей қатысуы қажет екенін айтып, вице-президент қызметіне украиналық кандидат ұсынуды ұсынды.
«Украина – әлемдегі ең ұлы шахмат державаларының бірі. Оның тамаша дәстүрі әлемге мықты ойыншылар мен жаттықтырушылардың бірнеше буынын сыйлады. Ел үшін аса қиын кезеңнің өзінде украин шахматы өз дәрежесін сақтап, халықаралық деңгейде құрметке ие болып келеді», – деді Тимур Турлов.
Оның айтуынша, FIDE әлемде болып жатқан оқиғалардан тыс әрекет ете алмайды. Турлов украиналық шахмат қауымдастығы маңызды шешімдерді талқылау және қабылдау кезінде өз дауысына ие болуы керек екенін атап өтті.
Украина президенті кеңсесінің кеңесшісі Тимур Турловпен жақында алдын ала келіссөздер жүргізілгенін растады. Ол ұсынысты қолдайтынын мәлімдеді.
«Иә, халықаралық федерациялардың ішкі тартыстар мен саясаттан арылып, негізгі мақсаттарына – гуманизмді ілгерілетуге, табандылыққа және адал әрі ашық бәсекелестік арқылы көшбасшылыққа қайта оралғанын қалаймын», – деді Михаил Подоляк.
Сондай-ақ, ол қазақстандық кәсіпкердің FIDE-ні реформалау жөніндегі көзқарасын қолдайтынын айтты. Подоляк Украина дауысының әлемдік спортта тұрақты әрі анық естілуі маңызды екенін атап өтті.
FIDE президентін сайлау 26 қыркүйекте өтеді. Қыркүйек айында федерация басшысы қызметіне үміткерлер арасында пікірсайыс өтті.
Тимур Турлов бұған дейін арнайы қор құрып, әлемдегі шағын шахмат федерацияларын қолдау үшін шахматты дамытуға 6 миллион доллардан астам инвестиция салуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Сонымен қатар, ол Самарқанның әлемдік шахматтың жаңа орталығы ретіндегі рөліне тоқталған. Турловтың сайлаудағы қарсыласы Вадим Розенштейн пікірсайысты мерзімінен бұрын тастап, қарсыластары мен модераторлардың сұрақтарына жауап бермеді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
21 қыркүйек 2026