Такси жүргізушілері медициналық тексеруден өтетін болады
Қазақстанда такси жүргізушілерінің рейс алдындағы медициналық тексерісіне бақылау күшейтілмек. Сонымен қатар жол ережесін бірнеше рет және өрескел бұзатын жүргізушілерге жүргізуші куәлігін бір жылға тоқтату ұсынылады. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Үкімет отырысында мәлімдеді.
Сәденовтің айтуынша, жүргізуші куәлігін автоматты түрде тексеру жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл жүйе жүргізуші куәлігі жоқ адамдардың такси жүргізушісі болып жұмыс істеуіне жол бермейді.
«Көлік министрлігі мен такси агрегаторларына жүргізушілердің рейс алдында медициналық тексеруден өтуін және көліктердің техникалық тексерістен өтуін бақылаудың нақты тетігін әзірлеу қажет», – деді Ержан Саденов.
Министр айыппұлды елемейтін жүргізушілерге қатысты жаңа шара әзірленіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, баллдық жүйе әрбір құқық бұзушылық пен оның ауырлығын ескеруге мүмкіндік береді.
«Айыппұлмен қатар, бірнеше мәрте және ауыр құқық бұзушылықтар үшін жүргізуші куәлігін бір жылға тоқтату көзделеді», – деді Саденов.
Тиісті заңнамалық түзетулер Құрылтайдың қарауына ұсынылады.
Айта кетейік, енді оң рульді көліктерді такси ретінде қолдануға тыйым салынады.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
22 қыркүйек 2026