46 жыл жөндеу көрмеген Рудный қаласының батыс айналма жолы жаңартылды
Қостанай облысында «Рудный қаласының батыс айналма жолының» орташа жөндеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Kursiv.media.
«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, бұл – республикалық маңызы бар жол. Ұзындығы 6,225 шақырым жаңартылған учаске.
«Бұл жол 1960 жылы салынған. Соңғы рет 1980 жылы жөнделген. Содан бері негізінен шұңқырларды жамау жұмыстары жүргізіліп келді. Соның салдарынан жол жамылғысы әбден тозып, жарықтар, шұңқырлар мен ойық іздер пайда болған, кей жерлерде асфальтбетон қабаттары бұзылған», – делінген компания мәліметінде.
Жөндеу кезінде ескі жабын жонылып, жол негізі жаңа материал қосу арқылы ресайклинг әдісімен қалпына келтірілді. Одан кейін екі қабат асфальтбетон төселді.
Батыс айналма жолы Рудный қаласының аумағы арқылы өтеді және транзиттік көліктерге қала көшелеріне кірмей, батыс бағытта жүруге мүмкіндік береді.
Мұның алдында компания Қазақстанда жол бойын жасанды интеллект бақылайтынын хабарлаған. Соңғы дерек бойынша, 661 мың адам жылдамдықты асырғаны анықталып отыр.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
22 қыркүйек 2026