Тұрғын үйді міндетті сақтандыру қалай жұмыс істейді
Қазақстандықтар тұрғын үйін жер сілкінісі, су тасқыны, су басу және табиғи орман өртінен жыл сайын міндетті түрде сақтандыруы мүмкін. Бұл талаптар «Сақтандыру туралы» жаңа заң жобасында қарастырылған. Құжат қазір «Ашық НҚА» порталында талқыланып жатыр, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Міндетті сақтандыру жеке тұлғаға тиесілі, тұрақты тұруға арналған және табиғи апат қаупі бар өңірлерде орналасқан пәтерлер мен үйлерге қатысты болады. Мұндай өңірлердің тізімін Үкімет бекітеді. Сақтандыру жиһазды, техниканы, жеке заттарды және тұрғын емес құрылыстарды қамтымайды.
Krisha.kz мәліметінше, полис бір жылға электронды түрде рәсімделеді. Оны арнайы құрылатын тұрғын үйді міндетті сақтандыру қоры арқылы жасау жоспарланған. Сақтандыру жарнасы мүлік салығының мөлшері мен өңірдегі тәуекел деңгейіне байланысты болады және жылына 0,5-тен 5 АЕК-ке дейінгі соманы құрауы мүмкін. 2026 жылғы есеп бойынша бұл шамамен 2 163 – 21 625 теңге.
Егер тұрғын үй қираса, өтемақы жылдық сақтандыру жарнасының 500 есесін, ал бүлінсе 250 есесін құрайды. Мысалы, жылына 10 мың теңге төлеген азамат үйі қираған жағдайда 5 млн теңге, бүлінген жағдайда 2,5 млн теңге алуы мүмкін.
Сақтандыру жағдайын арнайы комиссия растауы тиіс. Қор өтініш қабылданып, жағдай расталғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде төлем жасауға міндетті. Алайда полис мерзімі аяқталған, оқиға полис күшіне енгенге дейін болған немесе тұрғын үй сақтандырылған тәуекелден басқа себеппен бүлінген жағдайда төлемнен бас тартылуы мүмкін.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, тұрғын үйді міндетті сақтандыру жүйесін 2030 жылдан бастап енгізу жоспарланып отыр. Алдымен ол Алматы, Шымкент және Жамбыл облысында іске қосылып, кейін тағы 13 өңірге таратылады.
Тағы да оқыңыз: Қазақстанда шетелдік нөмірлі көлікті сақтандыруға бола ма
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
22 қыркүйек 2026