Бірнеше рет шегерілген Stadler вагондары қарашада жолға шығуы мүмкін
Stadler-дің жаңа вагондары Қазақстанда қашан жолға шығатыны белгілі болды. Бұл туралы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, «Қазақстан темір жолы» компаниясы вагондардың бір бөлігін қабылдап алған. Қазір олардың тежеу жүйесі мен техникалық параметрлері сынақтан өткізіліп жатыр.
«ҚТЖ-ның алдын ала ақпараты бойынша, барлық сынақ рәсімдері аяқталғаннан кейін бұл вагондарды Қазақстанда пайдалануға беру және пойыз құрамына қосу қазан айының соңына – қараша айының басына жоспарланып отыр», – деді Жәнібек Тайжанов үкіметтегі брифингте.
Тайжанов бұл мерзімнің сынақ нәтижесіне қарай өзгеруі мүмкін екенін айтты.
Еске салсақ, осыған дейін швейцариялық компания Stadler вагондар толық дайын екенін мәлімдеді. Компания «Самұрық-Қазына» АҚ экономика және қаржы жөніндегі директоры Айдар Рысқұловтың вагондардың тежеу жүйесіне қатысты айтқан мәлімдемесі шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлады.
Айта кетейік, сәуірде іске қосылады деп жоспарланған Stadler вагондары мамырға шегерілді. Бұл туралы көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров мәлімдеген болатын.
Ал мамыр айының соңында «Қазақстан темір жолы» ҰК басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов швейцариялық Stadler жолаушылар вагондарын іске қосу техникалық ескертулерге байланысты кейінге қалдырылғанын хабарлаған болатын.
Сондай-ақ премьер-министр Олжас Бектенов Stadler компаниясы вагондарының кешігіп жатқанын еске салып, оларды жеткізу жұмыстарын жеделдетуді тапсырған еді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
22 қыркүйек 2026