Әлем лидерлері Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясына жиналып жатыр
22 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясының жоғары деңгейдегі апталығы басталады. 130 елдің басшылары жиналып, бір апта бойы халықаралық қауіпсіздік, адам құқығы мен климат өзгерісі туралы талқылайды деп хабарлайды Kursiv Media.
Биылғы БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясының негізгі тақырыбы – «Сенімді қалпына келтіру, өзгерістерді басқару: барлығының мүддесі үшін әрекет ететін БҰҰ».
Жалпы пікірталастар 22-26 қыркүйек және 28 қыркүйек күндері өтеді. Жиын барысында мемлекеттер халықаралық қауіпсіздік, тұрақты даму, климаттың өзгеруі, адам құқықтары, жаңа технологиялар мен жасанды интеллектіні реттеу және БҰҰ реформасы сияқты мәселелер бойынша өз ұстанымдарын таныстырады. Таяу Шығыс пен Украинадағы соғыс және БҰҰ-ның болашағы да басты тақырыптың бірі болмақ.
Атап өтетін дүние, осы жолғы сессияға Ресей, Қытай және Солтүстік Корея басшылары қатыспайды. Путин соғыс жағдайы және батыс санкцияларының себебінен келмесе, ҚХР президенті Си Цзиньпин қатысудан бас тартты. Ол Нью-Йоркқа бірден 24 қыркүйекте ұшып келіп, БҰҰ-да сөз сөйлесудің орнына Трамппен кездесуді жөн көрген. Президенттердің орнына елдің сыртқы істер министрлері келеді.
Қазақстан делегациясын Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді басқарады. Ол БҰҰ Бас Ассамблеясының жалпы пікірталасында сөз сөйлеп, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездеседі.
Сондай-ақ Қазақстан сыртқы істер министрінің БҰҰ-ға мүше елдердің сыртқы саясат ведомстволары басшыларымен, халықаралық ұйымдардың жетекшілерімен және шетелдік бизнес өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесуі жоспарланған.
Бұдан бөлек, Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлері консультация өткізеді. Кездесуде Алматыда орналасқан БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығының жұмысына қатысты мәселелер талқыланады.
Мұхтар Тілеуберді сондай-ақ халықаралық гуманитарлық құқықты қолдауға бағытталған жаһандық бастаманы құрған алты елдің сыртқы істер министрлері қатысатын брифингке қатысады. Бұл бастамаға Қазақстаннан бөлек Бразилия, Иордания, Қытай, Франция және Оңтүстік Африка кіреді.
Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін бірнеше рет БҰҰ-ның қазіргі жұмысын сынға алған еді. 28 тамызда Құрылтайдың алғашқы сессиясында сөйлеген сөзінде ұйымның жаһандағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету миссиясын толық атқара алмай отырғанын айтқан.
Оқи отырыңыз: АҚШ Иран журналистеріне БҰҰ Бас Ассамблеясына қатысуға виза бермеді
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
22 қыркүйек 2026