Астанада бизнеске арналған AI-навигатор таныстырылды
Астанада кәсіпкерлерге қойылатын міндетті талаптарды бір жерден көруге мүмкіндік беретін жасанды интеллект негізіндегі навигатор таныстырылды. Жоба Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген міндетті талаптар тізілімінің пилоттық жобасы аясында іске қосылды, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Тұсаукесер Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында өтті. Жобаны Ұлттық экономика вице-министрі Бекболат Молдабеков таныстырды.
Жүйе заңдар, кодекстер, қаулылар мен ведомстволық бұйрықтардағы бизнеске қатысты талаптарды жинақтап, олардың нақты қай қызмет түріне қатысты екенін анықтайды. Кәсіпкер ЭҚЖЖ бойынша қызмет түрін таңдап, БСН-ін, саласын немесе қажетті сценарийді көрсетіп, жеке талаптар профилін ала алады.
«Кәсіпкер көп заңнамадағы өз қызметіне қатысты талапты табу үшін көп уақыт кетіреді. Біздің міндетіміз бұл процесті жеңілдетіп, ұғынықты ету. Жасанды интеллект көмегімен тізілім қажетті талапты бір жерде жинап, оның кімге қатысты екенін, не істеу керегін, мерзімін және орындалғанын растауды көрсетеді. Бұл бизнеске заңнаманы тез түсініп, өзінің негізгі қызметімен айналысуына мүмкіндік береді», – деп атап өтті Бекболат Молдабеков.
Жасанды интеллект нормативтік актілерді талдап, міндеттемелерді, орындаушыны, мерзімін, бақылаушы органды және талап бұзылған жағдайда жауапкершілікті көрсетеді. Алайда түпкілікті шешімді адам қабылдайды, әрбір талапты уәкілетті мемлекеттік орган тексеріп, редакциялайды немесе қабылдамайды.
Кәсіпкер жүйе арқылы қажетті рұқсат құжаттары мен талаптар туралы ақпарат алып, PDF форматында анықтамалық қорытынды жүктей алады.
Тізілім заңнамадағы өзгерістерді де бақылайды. Жаңа редакция қабылданған кезде жүйе бұрынғы нұсқамен салыстырып, қосылған, өзгерген немесе алынып тасталған нормаларды көрсетеді.
Сонымен қатар жүйе әртүрлі нормативтік актілердегі қайталанатын және бір-біріне қайшы болуы мүмкін талаптарды анықтап, оларды қайта қарау жөнінде ұсыныс қалыптастырады. Алдағы уақытта Тізілімді басқа мемлекеттік ақпараттық жүйелермен және цифрлық сервистермен біріктіру жоспарланып отыр.
Тағы да оқыңыз: ЖИ кесірінен адамдар су мен жылусыз қалуы мүмкін – БҰҰ дабыл қақты
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
22 қыркүйек 2026