ХВҚ: Қазақстан инфляцияны төмендету үшін мемлекет шығынын шектеуі қажет
Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) сарапшылары Қазақстанға жасаған сапарын қорытындылай келе, ел экономикасындағы мемлекет үлесінің жоғарылығын, квазимемлекеттік сектордың шығыны мен коммуналдық тарифтердің өсуі инфляцияға қосымша қысым түсіріп отырғанын мәлімдеді.
Қор мамандары баға өсімін ауыздықтау үшін Ұлттық банктің қатаң саясатын қолдау, бюджет пен Ұлттық қор қаражатын бақылауға «Цифрлық теңгені» енгізуді және жеке секторды дамытуды ұсынады.
Дегенмен, әлемдік нарықтағы мұнай бағасының жоғары болуы мен ішкі сұраныс ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етіп отыр.
Есепке сәйкес, Каспий құбыр консорциумындағы (КҚК) апат салдарынан мұнай өндірісінің азаюы экономикалық өсім қарқынын сәл тежеген.
Осының кесірінен 2026 жылдың алғашқы бес айында ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) өсімі былтырғы 6,5 пайыздан 3,7 пайызға дейін бәсеңдеді.
Дегенмен, қызмет көрсету, көлік, құрылыс және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы белсенділік мұнай секторындағы шығындарды ішінара өтеп, жыл қорытындысы бойынша өсім 4,6 пайыз деңгейінде болады деп болжанған.
Қазақстандағы инфляция өткен жылдың қыркүйегіндегі 12,9 пайыздан биыл мамырда 10,4 пайызға дейін төмендеді.
Осы оң динамикаға байланысты Ұлттық банк маусым айында базалық мөлшерлемені 100 базалық тармаққа төмендеткен болатын.
Соған қарамастан, инфляция әлі де мақсатты 5 пайыздық көрсеткіштен айтарлықтай жоғары және жыл соңына дейін 10 пайыз маңында сақталуы мүмкін.
Сыртқы баға қысымы, жылдың екінші жартысындағы капиталдық шығындар мен квазимемлекеттік белсенділіктің артуы және тарифтердің өсуі инфляцияны қайта өршітуі ықтимал. Сондықтан ХВҚ Ұлттық банкке нарықтағы артық өтімділікті азайту шараларын жалғастыруды және қажет болған жағдайда ақша-несие саясатын қайта қатайтуға дайын болуды ұсынады.
Бюджетке келетін болсақ, жаңа Салық кодексі мен шығындарды үнемдеу есебінен мұнайдан тыс тапшылық азаяды деп күтілген.
Салық базасын кеңейту, мемлекеттік кірістерді цифрландыру және жеңілдіктерді қысқарту шаралары оң нәтиже бермек. Мұнай бағасының жоғары болуы арқасында елдің ағымдағы шоты өткен жылғы 4,1 пайыздық тапшылықтан биыл аз да болса профицитке (артықшылыққа) ауысады. Қазір Қазақстанның халықаралық резерві жеткілікті және ол шамамен 10 айлық импортты жабуға қауқарлы.
Экономиканың болашағына қатысты тәуекелдер де жоқ емес. Жаһандық белгісіздік пен қаржы шарттардың қатаңдауы инвестиция ағынына әсер етсе, КҚК құбырындағы іркіліс өсімге кедергі келтіруі ықтимал.
Қор мамандары тұрақты және әртараптандырылған даму үшін мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту, жеке инвестицияларды тарту, капитал нарығын тереңдетуді және инфрақұрылымды жаңартуды ұсынады.
Бюджет қаржысы мен Ұлттық қор қаражатының мақсатты жұмсалуын нақты уақыт режимінде бақылау үшін «Цифрлық теңгені» қолдану мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттырып, экономиканың шамадан тыс қызып кетуінің алдын алуға көмектеседі.
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
- Маусым, 15
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
16 маусым 2026