Вейптерді есірткі схемасымен сатқан қылмыстық топ ұсталды
Ақмола облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті вейптерді есірткідей сатқан қылмыстық топтың қызметін әшкереледі.
Олар вейптерді айтпағанда, оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды заңсыз сатумен айналысқан.
Агенттік мәліметінше, өнімдер әлеуметтік желілердегі интернет-дүкендер арқылы сатылған. Курьерлер арқылы жеткізген.
«Схеманы жасыру үшін күдіктілер дропперлердің қызметін пайдаланған. Ақша солардың шоттары арқылы қабылданып, қолма-қол ақшаға айналдырылып отырған», – делінген агенттіктің ақпаратында.
Тергеу нұсқасы бойынша, заңсыз қызметтен түскен табыс көлемі 221 миллион теңгеден асып жығылған.
Сот санкциясымен күдіктілердің пәтері мен автокөлігіне тыйым салынды. Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы қамауға алынды.
Жыл басынан бері агенттік вейптерді заңсыз сатуға қатысты 12 сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісін бастаған. Заңсыз айналымнан 717 мың дана өнім тәркіленген.
Мұның алдында тағы бір ұйымдасқан қылмыстық топтың Павлодар облысы мен Алматы қаласында вейптерді заңсыз айналымға шығарғаны анықталған еді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
22 маусым 2026