183 млн теңге ұрлап, 18 жыл бойы қашып жүрген қылмыскер Бішкекте ұсталды
Ірі көлемде алаяқтық жасады деп күдіктелген қылмыстық топ жетекшісі Қырғызстаннан елге экстрадицияланды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы хабарлады.
Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті 2007–2008 жылдары Алматы қаласында ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі болған.
«Ол қайтарылмайтыны алдын ала белгілі болған несиелерді рәсімдеу арқылы қазақстандық банктердің бірінен 183 миллион теңгеден астам қаражатты жымқырған. Алынған ақша қылмыстық топ мүшелерінің арасында бөлініп, жеке қажеттіліктеріне жұмсалған», – деп түсіндірді прокуратураның баспасөз қызметі.
Қылмыс жасалғаннан кейін қылмыстық топ мүшелерінің бір бөлігі сотталды, алайда топ жетекшісінің өзі бой тасалап үлгерген. Осыған байланысты оған халықаралық іздеу жарияланды.
«2026 жылдың ақпанында ол Бішкек қаласында ұсталды, кейін ҚР Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Отанына қайтарылды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды», – деп хабарлады қадағалау органынан.
Енді оның мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
22 маусым 2026