Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Швейцариядағы күрделі келіссөз: АҚШ пен Иран 60 күндік жол картасына келісті

kz.kursiv.media

Швейцариядағы күрделі келіссөз: АҚШ пен Иран 60 күндік жол картасына келісті

АҚШ пен Иран арасындағы жоғары деңгейдегі келіссөздердің алғашқы раунды Швейцарияда аяқталды. Reuters мәліметінше, бұл туралы араағайын елдер – Қатар мен Пәкістан хабарлаған.

Келіссөз оңай басталмаған. Оған дейін Тегеран Ормұз бұғазы арқылы теңіз қозғалысын қайта тоқтататынын мәлімдесе, АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы шабуылдар қайта басталуы мүмкін екенін ескерткен.

Соған қарамастан тараптар келіссөз үстелінен нақты нәтижесіз тарамаған. Қатар Сыртқы істер министрлігі жариялаған бірлескен мәлімдемеге сәйкес, АҚШ пен Иран алдағы 60 күн ішінде түпкілікті келісімге келуге арналған жол картасын мақұлдаған.

Техникалық деңгейдегі келіссөздер апта соңына дейін жалғасады. Олар Қатарға тиесілі Швейцариядағы Бюргеншток тау курортында өтеді.

Келіссөзге АҚШ тарапынан вице-президент Джей Ди Вэнс қатысқан. Ол Иран өкілдерімен өткен аптада қол жеткізілген өзара түсіністік меморандумы аясында кездесті. Бұл құжат сәуірде жасалған нәзік бітімді кемінде тағы 60 күнге ұзартуға бағытталған.

Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи әлеуметтік желідегі жазбасында Тегеран үшін маңызды бірнеше мәселе қозғалғанын айтты. Оның сөзінше, Иран мұнай мен мұнай-химия өнімдерін экспорттауға қойылған шектеулерді жеңілдету, бұғатталған активтердің бір бөлігін босату және елді қалпына келтіру жоспарын іске қосу мәселесін көтерген.

Ал Ақ үй келіссөздің қазіргі кезеңі аяқталған-аяқталмағаны туралы ресми пікір білдірмеді.

Келіссөз алдындағы ең даулы мәселенің бірі – Ормұз бұғазы болды. Бұл бұғаз әлемдік энергия тасымалы үшін аса маңызды бағыт саналады. Fox News хабарлауынша, Трамп Иран бұғазды қайта жабуға тырысса, қатаң жауап болатынын ескерткен.

Иранның жартылай ресми Tasnim агенттігі келіссөз барысына қатысты басқа нұсқа ұсынды. Агенттік дереккөзі Трамптың мәлімдемесінен кейін Иран делегациясы негізгі залға қайта оралудан бас тартқанын, бірақ Қатар мен Пәкістан делдалдары арқылы байланыс жалғасқанын жазды.

Иран тарапы ядролық бағдарлама бойынша мазмұнды келіссөз басталуы үшін алдымен меморандумдағы басқа тармақтар орындалуы керек деп есептейді. Оның ішінде бұғатталған активтерді босату және Иран мұнайын экспорттауға мүмкіндік беретін АҚШ жеңілдіктерін беру мәселесі бар.

АҚШ өкілі Reuters-ке Иран делегациясы келіссөз алаңынан кетпегенін айтты. Оның сөзінше, тараптар түнге дейін Тайвань бұғазы, Ливан, ядролық мәселелер және меморандумды орындау тәртібі бойынша пікір алмасқан.

Келісімнің негізгі мақсаты – Ормұз бұғазы арқылы тасымалды қалпына келтіру, өңірдегі әскери шиеленісті азайту және Ливандағы қақтығыстарды тоқтатуға жол ашу. Ливанда Израиль соққыларын жалғастырып жатқанда, Иранның одақтасы саналатын «Хезболла» да Израиль нысандарына шабуыл жасаған.

Иран АҚШ Ливандағы қақтығысты тоқтату жөніндегі міндеттемесін толық орындамады деп санайды. Сондықтан Тегеран демалыс күндері Ормұз бұғазы арқылы теңіз қозғалысын қайта шектегенін мәлімдеді.

Әзірге тараптар түпкілікті келісімге келген жоқ. Бірақ Швейцариядағы алғашқы раунд Вашингтон мен Тегеран арасындағы диалогтың толық үзілмегенін көрсетті. Енді негізгі салмақ техникалық келіссөздерге түседі. Сол жерде мұнай экспорты, бұғатталған активтер, ядролық бағдарлама және аймақтағы қауіпсіздік мәселелерінің нақты тетіктері талқыланбақ.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
22 маусым 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар