25 маусымнан бастап колледждерге құжат қабылдау басталады
Қазақстанда 25 маусымда техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына құжат қабылдау басталады. Бұл туралы Оқу-ағарту минитсрлігі хабарлады.
2026-2027 оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша колледждерге 140 мың орын бөлінді. Талапкерлер құжаттарды Egov.kz порталы арқылы немесе колледжге барып электронды түрде тапсыра алады.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы техникалық мамандықтар бойынша ұлғайтылды. Орта буын мамандықтары мен қолданбалы бакалавриатқа түсушілер үшін конкурс міндетті және бейіндік пәндер бойынша аттестаттың орташа балы негізінде өткізіледі.
Жұмысшы біліктілігін алуға ниетті түлектер колледждерге әңгімелесу нәтижесі бойынша қабылданады.
Педагогикалық мамандықтарға түсушілер үшін эссе немесе диктант, медициналық және шығармашылық мамандықтарға түсушілер үшін арнайы немесе шығармашылық емтихандар өткізіледі.
Құжаттарды қабылдау мерзімдері
Жұмысшы біліктілігі бойынша – 25 маусымнан 27 тамызға дейін;
Орта буын мамандықтары бойынша (9 және 11 сынып базасында) – 25 маусымнан 22 тамызға дейін;
Шығармашылық мамандықтар бойынша – 25 маусымнан 20 шілдеге дейін;
Педагогикалық мамандықтар бойынша – 25 маусымнан 10 тамызға дейін (9 және 11 сынып базасында, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім базасында);
Медициналық мамандықтар бойынша – 9 сынып базасында 25 маусымнан 10 тамызға дейін, 11 сынып және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім базасында 25 маусымнан 15 тамызға дейін;
Кешкі оқу нысаны бойынша – 25 маусымнан 20 қыркүйекке дейін.
Сонымен қатар, 20 маусымнан бастап елімізде ақылы негізде оқитын түлектер үшін ЖОО-ларға құжат тапсыру басталды.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
22 маусым 2026