Аида Балаева әлеуметтік желідегі заңсыз контентті жоюға шақырды
Әлеуметтік желілерде заңсыз контентке тосқауыл қойылуы керек, бірақ бұл сөз бостандығын шектеуге себеп болмауға тиіс. Осылай деп мәлімдеген Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сайлауалды науқан кезінде журналистер мен блогерлердің жұмысына қатысты түсінік берді. Ведомсвто басшысы онлайн-платформаларды заңға қайшы материалдарды уақытылы жоюға шақырды. Балаева бұл туралы Facebook-тегі парақшасында жазды.
Министр ең алдымен журналистер мен блогерлердің заң аясында өз қызметін еркін жүзеге асыруға, соның ішінде фото және бейнетүсірілім жасауға құқығы бар екенін атап өтті.
«Масс-медиа туралы» заңға сәйкес, журналистер кәсіби қызметі барысында фото, аудио және бейнетүсірілім жүргізіп, ақпарат тарата алады. Балаеваның айтуынша, журналистер мен блогерлер адамның келісімінсіз де түсірілім жасай алады. Бұл бірнеше жағдайға қатысты.
Мәселен, адам көпшілік іс-шараларға, оның ішінде мәдени, спорттық іс-шараларға немесе бейбіт жиналыстарға қатысып жатса, оны келісімінсіз түсіруге болады.
Сондай-ақ адамның бейнесі оның қызметтік немесе қоғамдық қызметіне қатысты болса немесе ол өз суретін ашық дереккөзде өзі жариялаған жағдайда да түсірілім жасауға рұқсат етіледі. Бұдан бөлек, қоғамдық тәртіпті қорғау үшін адамның бейнесін пайдалану қажет болған жағдайда оның келісімі талап етілмейді.
Министр бірқатар БАҚ өкілдерінің, белсенділер мен блогерлердің әлеуметтік желідегі парақшалары жаппай бұғатталып жатқаны туралы ақпаратқа да тоқталды.
Оның айтуынша, журналистер мен блогерлердің кәсіби қызметіне немесе сөз бостандығына негізсіз шектеу қойылғандай әсер қалдыратын кез келген әрекет мемлекеттік органдардың беделіне де кері әсер етеді.
«Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желі қолданушыларының, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің аккаунттарын бұғаттамайды. Мемлекет те мұндай әрекеттерге немесе сөз бен пікір еркіндігін шектеуге мүдделі емес», – деп жазды Аида Балаева.
Министр мұндай әрекеттер мемлекеттік институттардың беделіне нұқсан келтіріп, қоғам алдында оларды теріс көрсету үшін пайдаланылуы мүмкін екенін атап өтті.
Балаева Қазақстан жаңа саяси кезеңге қадам басқан уақытта бұл мәселелердің маңызы арта түскенін айтты. Оның сөзінше, жаңа Конституция қабылданып, мемлекеттік институттарды жаңарту үдерісі басталды, ал алда Құрылтайды қалыптастыру міндеті тұр.
Министрдің пікірінше, сөз бостандығы азаматтың жауапкершілігін де қатар талап етеді.
«Заң алдында лауазымына, мәртебесіне, кәсібіне, қоғамдағы танымалдығына немесе әлеуметтік желідегі жазылушыларының санына қарамастан бәрі тең», – деді ол.
Балаева бұл қағидат «Заң мен тәртіп» ұстанымының негізін құрайтынын атап өтті. Мемлекет журналистер мен блогерлердің заңды қызметі мен сөз бостандығын қорғауға міндетті болғанымен, ақпарат таратушылар да өздері жариялаған мәлімет үшін жауапты болуы керек.
Балаева журналистер мен блогерлер үшін маңызды талаптың бірі – жарияланатын ақпараттың анықтығын тексеру екенін атап өтті.
Осыған байланысты ол әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалардың әкімшіліктерін заңға қайшы контентті уақытылы анықтап, жою жұмысын күшейтуге шақырды. Алайда министр заңсыз контентпен күрес заңды пікір білдіруге кедергі болмауы керектігін ескертті.
«Заңсыз контентпен күрес сөз бостандығын негізсіз шектеуге әкелмеуге тиіс», – деп жазды министр.
Оның айтуынша, заңға қайшы материал мен заңды пікірдің, кәсіби журналистік қызмет пен қоғамдық пікірталастың аражігін нақты ажырату қажет.
Соңында Аида Балаева журналистер мен блогерлерді тарататын ақпаратқа жауапкершілікпен қарауға шақырды. Ол ақпаратты жарияламас бұрын дереккөздерді мұқият тексеріп, масс-медиа, онлайн-платформалар және сайлау туралы заңнама талаптарын сақтаудың маңызын атап өтті.
Министрдің пайымынша, сөз бостандығы мен жауапкершілік бір-біріне қайшы емес. Керісінше, осы екі қағиданың үйлесуі азаматтардың құқықтары қорғалатын, заң бәріне бірдей қолданылатын және қоғамдық диалог нақты дерекке негізделетін қоғам қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Тағы да оқыңыз: Аида Балаева қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім беретінін мәлімдеді
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
-
-
- Тамыз, 17
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
18 тамыз 2026