Алматыда 17 жыл Еуропада бой тасалаған «Кинг-Конг» лақап атты қылмыскер сотталды
Алматыда 17 жыл бұрын жасалған аса қатыгез кісі өліміне қатысты сот үкімі шықты. Көп жыл бойы Еуропада жалған аты-жөнмен бой тасалап жүрген ер адам 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бас прокуратура мәліметінше, қылмыс 2008 жылғы 19 мамырға қараған түні Фурманов көшесінде болған. Сот анықтағандай, Юсупов пен оның сыбайласы Коваленко қылмыстық орта өкілімен жанжалдасып жүрген. Олар ер адамды үйінің маңында аңдып, бірнеше рет оқ атқан. Оқ жәбірленушінің желкесіне тиген. Ер адам оқиға орнында қаза тапқан.
Кісі өлтіргеннен кейін Юсупов Қазақстаннан кетіп, халықаралық іздеуге жарияланған.
Іс материалдарына сәйкес, Коваленко қылмыстан кейін де қылмыстық әрекетін жалғастырған. 2008 жылдың жазында ол Қапшағайдағы «Старая крепость» демалыс орнында болған қарулы оқиғадан кейін ұсталды. Сол кезде полиция қызметкері қаза тауып, тағы төрт адам ауыр жараланған. 2009 жылы Коваленко 23 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ал құқық қорғау органдары оның сыбайласы Юсуповты іздеуді жалғастырған. Мәлімет бойынша, қылмыстық ортада ол «Кинг-Конг» лақап атымен танылған және Қырғызстандағы белгілі қылмыс әлемінің өкіліне жақын болған.
Қырғызстанның құқық қорғау органдары да Юсуповты 2007 жылы Бішкекте көлік жуу орнының иесін өлтіру ісіне байланысты іздеген.
Юсупов ұзақ жылдар бойы Еуропа елдерінде жеке деректерін өзгертіп, бой тасалап жүрген. 2025 жылғы тамызда ол Литва шекарасынан өту кезінде ұсталды.
Сол жылдың қарашасында Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Юсупов Қазақстанға экстрадицияланды.
2026 жылғы шілдеде Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Юсуповты алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған кісі өлтіруге көмектескені үшін кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айырды.
Бас прокуратураның мәліметінше, оны елге экстрадициялау халықаралық ынтымақтастықты күшейту және шетелдік құзырлы органдармен тікелей байланыс орнатудың нәтижесінде жүзеге асқан.
«Заң мен тәртіп» қағидаты жауапкершіліктің бұлтартпастығын да білдіреді. Іздеуде жүргеніне қанша уақыт өткені, жеке деректерін өзгертуі немесе елден тыс жерде болуы адамды сот төрелігінен жалтару мүмкіндігінен айырмауы тиіс», – деп мәлімдеді ведомство.
Бас прокуратура шетелде бой тасалап жүрген, соттан қашып жүрген адамдарды іздеу және Қазақстанға қайтару жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.
Тағы да оқыңыз: Аса ірі көлемде алаяқтық жасаған күдікті Грузиядан экстрадицияланды
- Соңғы
-
-
-
- Тамыз, 14
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
- Тамыз, 13
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
15 тамыз 2026