Арқалық әуежайына халықаралық IATA коды берілді
Арқалық әуежайына IATA халықаралық коды ресми түрде берілді. 2026 жылғы 12 тамызда Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы әуежайға үш әріптен тұратын AYK кодын бекітті.
Көлік министрлігі Мемлекет басшысының Арқалық қаласының әуежайын реконструкциялау жөніндегі тапсырмасын орындау аясында тиісті жұмыстар жүргізген.
Жұмыстардың нәтижесінде 12 тамызда Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) Арқалық әуежайына үш әріптен тұратын AYK кодын ресми түрде бекітті. Бұл код бұрын қолданылған және қазір қайта қалпына келтірілді.
IATA кодының берілуі әуежайды әлемдік әуе тасымалы инфрақұрылымына интеграциялау үшін маңызды. Енді AYK коды әуе билеттерін брондау және рәсімдеу жүйелерінде, рейстер кестесінде және азаматтық авиацияға қатысты басқа да халықаралық ақпараттық жүйелерде пайдаланылуы мүмкін.
Айта кетейік, Арқалық әуежайын қайта жаңғырту жұмыстары Торғай өңіріндегі әуе қатынасын қалпына келтіріп, тұрғындардың көлік қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Шілде айының соңындағы мәлімет бойынша, әуежайда терминалдың негізгі құрылыс және инженерлік жұмыстары аяқталуға жақын болған.
Жоба аясында жаңа жолаушылар терминалы, авариялық-құтқару станциясы, арнайы техникаға арналған гараж, бақылау-өткізу пункті мен диспетчерлік мұнара салынды. Сонымен қатар ұшу-қону жолағы, рульдеу жолы және ұшақтар тұрағы жаңғыртылуда.
Әуежай іске қосылғаннан кейін Арқалық, Амангелді және Жангелді аудандарының, сондай-ақ Ақмола облысындағы Жарқайың ауданының тұрғындары үшін әуе қатынасы қолжетімді бола түседі. Жергілікті биліктің мәліметінше, бұл мүмкіндікті 80 мыңнан астам тұрғын пайдалана алады.
Еске салсақ, осыған дейін Арқалық қаласының әуежайына Алаш қозғалысының белді мүшесі, ақын, жазушы, қоғам қайраткері Міржақып Дулатовтың есімі берілетіні жайлы жазған едік.
- Соңғы
- Тамыз, 13
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
14 тамыз 2026