Қазақстандағы ең бай адамға тиесілі холдингтің таза пайдасы екі есе азайған
Қазақстандағы ең бай адам – Вячеслав Кимге тиесілі United Group Alatau холдингінің таза пайдасы былтыр екі есе азайған.
Компанияның қаржы есебіне сәйкес 2025 жылғы таза пайдасы 2,7 миллиард теңгені құрады. Бұл 2024 жылғы 6,2 миллиард теңгемен салыстырғанда 57%-ға төмен. Пайданың мұндай азаюына негізінен сыртқы валюталық факторлар мен компания қызметінің қайта құрылуы себеп болды.
Жыл ішінде таза пайыздық кіріс 89,8%-ға өсіп, 2,3 миллиард теңгеден 4,4 миллиард теңгеге дейін артқан. Бұған бұрын құнсызданған дебиторлық берешектің толық қайтарылуы серпін берді. Яғни, бұрын Ресейдің есептесу ұйымында бұғатталып, шығынға жазылған 2,8 миллиард теңгеге жуық қаражат 2025 жылы кері қайтарылып, кіріске жазылды.
Сонымен қатар валюта бағамының айырмашылығы теріс әсер етті. Егер 2024 жылы компания бағам айырмашылығынан +4,3 миллиард теңге пайда тапқан болса, 2025 жылы керісінше 470 миллион теңге шығын шекті.
Оған қоса, бағалы қағаздарды қайта бағалаудан түскен таза пайда 1,3 миллиард теңгеден 385 миллион теңгеге дейін азайды. Еншілес банктің жыл бойы дивиденд төлемеуіне байланысты бұл бап бойынша түсім небәрі 5,7 миллион теңгемен шектелді.
Жыл ішінде компанияның операциялық шығындары 31,9%-ға өсіп, 1,3 миллиард теңгені құрады (2024 жылы: 987 миллион теңге болған).
Бұл өсім екі негізгі бағытқа байланысты болды. Биріншіден, қызметкерлерге жұмсалған шығындар (еңбекақы, бонустар мен әлеуметтік аударымдар) 49,5%-ға артып, 549 миллион теңгеден 820 миллион теңгеге жетті. Екіншіден, жалпы әкімшілік шығындар 83,8%-ға өсіп, 482 миллион теңге болды. Мұндағы көп қарды сыртқы кеңесшілер мен заңгерлердің қызметіне төленген қаражатқа тиесілі.
Ол 99 миллион теңгеден 361 миллион теңгеге дейін артты. Бұл – меншік иесінің ауысуы мен банктің акцияларын сатып алу бойынша жүргізілген келісімдердің ақысы.
2025 жылдың ең басты оқиғаларының бірі – акционердің толық ауысуы. 2024 жылдың соңында компанияның жалғыз акционері Ғалымжан Есенов болған еді. Тиісті келісімдерді алғаннан кейін, 2025 жылғы 8 шілдеде Вячеслав Ким Есеновтен компанияның 8,3 миллион дана жай акциясын (100% үлесін) толығымен сатып алды.
Компанияның ең басты активі – бұрынғы «First Heartland Jusan Bank» АҚ. Бұл банк ресми түрде «Alatau City Bank» АҚ болып қайта тіркелді. Жыл ішінде холдинг Банктегі өз үлесін 100%-ға жеткізді.
Наурызда миноритаракционерлерден 413 мың дана акция 522 миллион теңгеге сатып алынып, үлес 79,9%-ға жетті. Ал шілде айында Холдинг Есеновке тиесілі болған 20,11% үлесті (33 миллион дана акция) 40,9 миллиард теңгеге сатып алды.
Нәтижесінде «United Group Alatau» АҚ өз еншілесіндегі банк акцияларының толық 100,00% иегері атанды. Инвестициялардың жалпы баланстық құны 82,1 миллиард теңгеден 123,5 миллиард теңгеге дейін өсті.
2025 жылдың 14 наурызында компания өз өтініші негізінде брокерлік-дилерлік лицензиясының қолданылуын тоқтатып, бағалы қағаздар нарығындағы белсенді саудагерден таза банктік холдинг форматына өтті.
16 маусымда аналық компания «United Group Alatau» АҚ болып, ал еншілес банк «Alatau City Bank» АҚ болып ресми ребрендинг жасады.
Содан соң 8–10 шілдеде Ким холдингтің 100% иесі атанды, ал холдинг банктің 100% акциясын өзіне шоғырландырды.
- Соңғы
- Тамыз, 13
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
14 тамыз 2026