Қазақстанға NVIDIA басшысы Дженсен Хуанг келеді
NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг алғаш рет Қазақстанға келмекші. Ол Астанада өтетін жасанды интеллектке арналған «AI Month» шарасына арнайы қонақ ретінде қатысады деп хабарлайды Kursiv Media.
Хуанг елге жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің шақыруымен келеді. Сапар Astana Hub қолдауымен ұйымдастырылатын «AI Month» аясында өтеді. Шараға жасанды интеллект саласындағы мамандар, әзірлеушілер, стартап өкілдері, зерттеушілер мен технологиялық компаниялар қатысады.
«Қазір елдің бәсекеге қабілеттілігі технологияны қолданумен ғана емес, өз технологиялық шешімдерін әзірлеп, білікті мамандар даярлау мүмкіндігімен де бағаланады. Қазақстанды Орталық Еуразиядағы AI мамандары мен технологиялық идеялар тоғысатын орталыққа айналдыруды көздеп отырмыз», – деді Жаслан Мәдиев.
Оның айтуынша, Дженсен Хуанг сияқты әлемдік технологиялық компания жетекшілерімен кездесу қазақстандық әзірлеушілер мен стартаптарға жаңа мүмкіндіктерді көруге және өз идеяларын нақты өнімге айналдыруға мүмкіндік береді.
AI Month бағдарламасында Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің отырысы да бар. Ол 1 қазанда өтеді. Жиынға NVIDIA вице-президенті Рев Лебаредян қатысады.
Ал 2-3 қазанда «AI & Digital Bridge 2026» халықаралық технологиялық форумы ұйымдастырылады. Форумда жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың дамуына қатысты мәселелер талқыланады.
Қазақстанның NVIDIA-мен технологиялық байланысы «AI Month» шараларымен ғана шектелмейді. Мысалы, Astana Hub қатысушысы саналатын Higgsfield платформасы NVIDIA-ның есептеу инфрақұрылымы мен жасанды интеллект бағдарламаларын пайдаланады.
Жасанды интеллект арқылы видео және сурет жасауға мүмкіндік беретін Higgsfield платформасының бағасы 5,4 млрд долларға бағаланады. Компанияның мәліметінше, платформада күн сайын 6 млн-нан астам видео мен сурет жасалады.
NVIDIA – жасанды интеллект чиптерін шығаратын ең ірі технологиялық компаниялардың бірі. Қазіргі нарықтық капиталы шамамен 5,5 трлн доллар деп бағаланған, әлемдегі ең қымбат компаниялардың бірі. Компанияны 1993 жылы Дженсен Хуанг, Крис Малаховски және Кертис Прием құрған, бүгінде Хуанг – бас директоры.
Оқи отырыңыз: OpenAI өз чипін шығарды: Nvidia-ға тәуелділік азая ма
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
- Қыркүйек, 22
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
23 қыркүйек 2026