АҚШ-тың Kraken криптоплатформасы Қазақстан цифрлы активтер нарығына шықпақ
Kraken халықаралық криптоплатформасы Қазақстанның цифрлық активтер нарығына шықпақ. Компания «Астана» халықаралық қаржы орталығының қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитетінен (AFSA) алдын ала мақұлдау (In-Principle Approval) алды.
Бұл лицензиялау рәсімінің негізгі кезеңдерінің бірі және белгіленген талаптар орындалғаннан кейін компания АХҚО-да тіркеледі.
«Алдын ала мақұлдаудың алынуы ірі халықаралық криптоплатформалардың бірінің Қазақстан нарығына шығуға мүдделі екенін растайды және елдегі цифрлық активтер индустриясын одан әрі дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», – делінген хабарламада.
AI & Digital Bridge форумы аясында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Kraken Қазақстанда цифрлық активтер нарығын дамыту жөніндегі меморандумға қол қойған.
Kraken – 2011 жылы АҚШ-та құрылған әлемдегі ең ірі халықаралық криптоплатформалардың бірі. Компания жеке және институционалдық клиенттерге цифрлық активтерді сатып алу, сату, сақтау және саудалау қызметтерін ұсынады.
Kraken платформасын Payward компаниялар тобы басқарады. Компания Солтүстік Америка, Еуропа және басқа да өңірлердің нарықтарында жұмыс істейді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
27 қазан 2026