Талдықорғанда заңсыз діни білім берген қор лицензиясынан айырылды
Талдықорғанда қоғамдық қорлардың бірі тиісті лицензиясыз діни білім берген. Прокуратура діни қызмет саласындағы заңнама талаптарының сақталуына мониторинг жүргізген кезде осындай заң бұзушылық анықтаған. Бұл туралы Жетісу облысының прокуратурасы хабарлады деп жазады Kursiv Media.
Бұдан бөлек, қордың үй-жайларында сегіз азамат тұрғылықты немесе уақытша болатын жері бойынша тіркелмегені анықталды.
Осыған байланысты аталған азаматтар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 492-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл бап тұрғылықты немесе уақытша болатын жері бойынша тіркеусіз тұруға қатысты.
Заң бұзушылықтардың жолын кесу үшін Талдықорған қаласының прокуратурасы қоғамдық қорды тиісті лицензиядан айыру туралы сотқа талап арыз берді. Сот прокурордың талабын толық қанағаттандырды. Қор өкілі де қойылған талаптарды мойындады. Алайда сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, елде діни білім беру қызметімен айналысу үшін ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінен лицензия алу қажет. Бұл талап діни білім беретін ұйымдарға да қатысты.
Оқи отырыңыз: Оқушыларға хиджаб киюге рұқсат берген мектептер лицензиясынан айырылуы мүмкін
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
27 қазан 2026