99 пайызға аз: Сақтандыру компаниялары қыркүйекте 300 млн теңге таза пайда тапқан
2026 жылы сақтандыру коомпаниялары үшін аса табысты болмай тұр. Тамыз айында сақтандырумен айналысатын компаниялар шығынға ұшыраса, қыркүйекте таза пайда 300 млн теңгені ғана құраған, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Бұл 2025 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда 99 пайызға аз. Былтыр қыркүйекте сақтандыру компаниялары 33,5 млрд теңге таза пайда тапқан болатын.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) дерегі бойынша, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығындағы таза пайда 87,8 млрд теңгені құраған. Былтыр тоғыз айда бұл көрсеткіш 222 млрд теңгеден асқан.
Қазір сақтандыру нарығында 25 компания жұмыс істейді. Соның ішінде 10 компания өмірді сақтандырумен айналысады.
2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанның сақтандыру компаниялары 1,43 триллион теңге сыйақы жинады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,8 пайызға артық.
Дегенмен, осы аралықта жасалған келісімшарт саны 30,4 пайызға азайып, 13,1 млн шартты құрады. ҚНРДА келісімшарттың азаюын банк несиелерімен бірге сақтандыру полистерін сататын агенттердің комиссиясына қойылған шектеумен түсіндіреді.
Қазіргі ереже бойынша агент сақтандыру құнының 10 пайызынан артық сыйақы ала алмайды. Бұл шектеу әсіресе жазатайым оқиғалардан сақтандыру саласына қатты әсер етіп, ондағы келісімшарттар қатары 75,7 пайызға бірден төмендеді.
Сақтандыру түсімдерінің өсуіне ең үлкен үлесті ерікті түрде сақтандыру бағыты қосты. Тұрғындар мен бизнес тарапынан бұл салаға 811,2 миллиард теңге жиналып, өсім 33,5 пайызды құрады.
Бұл бағыттағы негізгі серпін зейнетақы аннуитетінің танымал болуымен тікелей байланысты: оның сұранысы мен жинаған қаражаты 110,2 пайызға артқан. Жүйе шарттары бойынша азаматтар өз жинақтарын жеке сақтандыру компаниясына тапсырып, өмір бойы тұрақты төлем алып отырады.
Тоғыз айда сақтандырушылар клиенттеріне 417,9 миллиард теңге төледі, бұл былтырғыдан 30,7 пайызға артық.
Сақтандыру нарығының жалпы активтері 4,8 триллион теңгеге жетті, оның 3,5 триллион теңгесі бағалы қағаздарға салынса, 425,9 миллиард теңгесі банк шоттары мен депозиттерде сақтаулы. Тек қыркүйек айының өзінде компаниялардың міндеттемелері 5,3 пайызға өсіп, 3,6 триллион теңгені құрады.
Мұның басты себебі – болашақ төлемдерге арналған резервтердің ұлғаюы. Сақтандырушылардың меншікті капиталы қыркүйекте 0,2 пайызға біраз азайғанымен, жыл басынан бергі жалпы өсім 1,5 пайызды құрап, 1,1 триллион теңгеге жетті.
Алдағы уақытта тұрғын үйлерді жер сілкінісінен міндетті сақтандыру енгізілмек. Бұл Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасында жазылған.
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
- Қараша, 01
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
2 қараша 2026