Ұлттық қорға 9 айда мұнай компанияларынан 3,4 трлн теңге түскен
2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Ұлттық қорға мұнай компанияларынан 3,4 трлн теңге салық түсімі түскен. Бұл туралы Қаржы мнистрлігінің есебінде жазылған.
Қорға түсетін қаржының негізгі бөлігін мұнай секторы ұйымдарынан жиналатын салық төлемдері құрайды.
Салықтар бойынша жалпы түсім 3 триллион 409 млрд теңгені немесе барлық түсімнің 99,77 пайызына тең. Салық санаттары арасында басым үлес мұнай секторы ұйымдарының корпоративтік табыс салығына (КТС) тиесілі болды. Мұнай компаниялары төлеген КТС көлемі 1,4 трлн жетіп, жалпы түсімнің 40,44 пайызын камтыды.
Қорды толықтыратын тағы бір маңызды бап – өнімді бөлу туралы келісімшарттар бойынша Қазақстан Республикасының үлесі. Осы бап бойынша Ұлттық қорға 787,55 млрд теңге (жалпы түсімнің 23,05 пайызы) түсті. Үшінші орында мұнай секторы ұйымдарынан жиналған пайдалы қазбаларды өндіру салығы (ПҚӨС) орнықты, бұл көрсеткіш 710,44 млрд теңгені немесе 20,79 пайызын құрады.
Бұдан бөлек, шикі мұнай, газ және газ конденсаты экспортына салынатын рента салығы есебінен 360,37 млрд теңге (10,55 пайыз) түссе, өнімді бөлу туралы келісімшарт аясындағы жер қойнауын пайдаланушылардың қосымша төлемі 146,29 млрд теңгені (4,28 пайыз) құрады. Ал артық пайдадан алынатын салық 21,82 млрд теңге, мұнай секторының бонустары 882,84 млн теңге деңгейінде тіркелді.
Салықтық емес басқа да түсімдер көлемі 7,83 млрд теңгені құрап, жалпы түсімнің 0,23 пайызына тең болды.
Қаржы министрлігі 2026 жыл басынан бері тек қорға түскен салық түсімі жайлы есепті жариялайды. Бұған дейін ай сайын түскен қаржы, алынған ақша мен қордың теңгедегі көлемі қанша екені жайлы есеп жариялайтын.
Ұлттық банк дерегі бойынша қазір қордың валюталық активтері 66,7 млрд долларға жеткен. 2029 жыл соңына дейін ел үкіметі әлеуметтік жобаларға қордан 6,5 трлн теңге жұмсауды жоспарлап отыр.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
30 қазан 2026