Freedom жолдарды бақылау жүйесіне 112 млрд теңгеден астам инвестиция салады
Freedom Holding Corp. еншілес компаниясы Freedom Lab арқылы Қазақстанда автожолдарды бақылайтын интеллектуалды жүйені дамытуға 112 млрд теңгеден астам инвестиция құяды. Жоба аясында қолданыстағы 85 автоматты өлшеу станциясы жаңғыртылып, тағы 135 жаңа станция іске қосылады. Тиісті келісімге Көлік министрлігімен Шымкентте өткен Қазақстанның IX жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстелінде қол қойылды.
Автожолдарды бақылайтын интеллектуалды жүйе (АЖБИЖ) көлік құралдарының салмағы мен габариттерін автоматты түрде өлшеп, осьтерге түсетін жүктемені бағалайды. Жиналған деректер бірыңғай платформада сақталып, талданады және мемлекеттік ақпараттық жүйелермен алмасылады.
Жоба аясында станциялардың жұмысын үйлестіретін бірыңғай оператор белгіленеді. Компанияның мәліметінше, жүйе құқық бұзушылықтарды тіркеуге қажетті деректерді ұсынады, ал заң бұзушылық туралы шешім қабылдау және жаза қолдану мемлекеттік органдардың құзыретінде қалады.
«Біз жүк көліктері қозғалысының шамамен 80%-ын қамтитын бірыңғай жүйе құрып жатырмыз. Бұл — бытыраңқы станциялардан өлшеу, деректерді тексеру және талдау процестерін біріктіретін тұтас жүйеге көшу. Біздің бағалауымызша, автожолдарға келетін залалды азайту есебінен мемлекет үшін экономикалық тиімділік шамамен 1 трлн теңгені құрайды», – деп хабарлады «Freedom Lab» ЖШС бас директоры Шыңғыс Құлахметов.
АЖБИЖ-дің ахуалдық орталығы станциялар мен жүйенің басқа компоненттерінің жұмысын бақылап, құқық бұзушылықтарды растайтын материалдардың сапасына жауап береді. Жоба жол қозғалысы қауіпсіздігін тікелей қамтамасыз етуге арналмағанымен, тұрақты бақылау жүргізушілердің қауіпті әрекеттерге бару ықтималдығын төмендетуі мүмкін.
Шыңғыс Құлахметовтің айтуынша, есептеулер бойынша, жүйені 10 жыл бойы пайдалану шамамен 400 жол-көлік оқиғасының, адам өліміне әкелетін 177 жағдайдың және 1 400-ден астам жарақат алу жағдайының алдын алуға мүмкіндік береді.
Автожолдарды бақылау жүйесін дамыту туралы келісім Шымкентте өткен Kazakhstan Global Investment Roundtable (KGIR) аясында жасалды. Іс-шараға 40-тан астам елден 500-ден астам инвестор мен бизнес өкілі қатысты. Кездесу қорытындысында жалпы сомасы 4,8 млрд АҚШ долларын құрайтын 22 құжатқа қол қойылды.
Пленарлық сессияда Премьер-министр Олжас Бектенов озық технологияларды енгізу және жаңа өндіріс орындарын құру арқылы экономиканы сапалы жаңғыртудың маңызын атап өтті.
Тағы да оқыңыз: 4 желтоқсаннан бастап көліктердің орташа жылдамдығын өлшейтін жүйе іске қосылады
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
- Қазан, 28
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
29 қазан 2026