Жоба құны 4 млрд доллар: елде астықты терең өңдейтін алты кәсіпорын салынады
Қазақстанда 2029 жылға дейін астықты терең өңдейтін алты ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Олардың жалпы құны 4 млрд долларды құрайды. Жаңа кәсіпорындар жылына 5,8 млн тонна шикізат өңдеуге қауқарлы болады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров баяндады.
Жобалар аясында крахмал, глютен, биоэтанол, аминқышқылдары және басқа да өнімдер өндіру көзделген. Өндірістерді іске қосу Қазақстанда ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта елімізде жылына 510 мың тонна шикізат өңдейтін астықты терең өңдеу кәсіпорындары жұмыс істейді. Жаңа жобалар іске асырылғаннан кейін бұл бағыттағы өндірістік қуат едәуір артуы мүмкін.
«2025 жылдың қорытындысы бойынша негізгі өнім түрлері (ет, сүт, майлы дақылдар, жүгері, күріш, қарақұмық) бойынша қайта өңдеу үлесі 64%-ға жетті. 2026 жылы 70% межелі көрсеткішіне қол жеткізу міндеті тұр», – деген еді министр.
Жоспарланған жобалардың қатарында Қостанай облысындағы «Qostanai Grain Industry» кәсіпорны бар. Жоба жылына 415 мың тонна бидай өңдеуге бағытталған. Инвестиция көлемі – 157,3 млн доллар немесе шамамен 70,8 млрд теңге.
Астанадағы «Tiryaki Agro» жобасы жылына 250 мың тонна бидай мен 80 мың тонна бұршақ өңдеуді көздейді. Оның құны 364,2 млн доллар, яғни шамамен 163,9 млрд теңге.
Ақмола облысында Dalian Hesheng Holdings Group Co., Ltd компаниясы жылына 1 млн тонна бидай өңдейтін өндіріс құруды жоспарлап отыр. Жобаның құны – 666,7 млн доллар немесе шамамен 300 млрд теңге.Сондай-ақ Ақмола облысында Hopefull Grain & Oil Group компаниясының жобасы қарастырылған. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 1 млн тонна бидайды құрайды. Бірінші кезеңде 500 мың тонна шикізат өңдеу жоспарланып отыр. Жобаның құны – 1,5 млрд доллар немесе шамамен 675 млрд теңге.
Министрлік мәліметінше, жаңа өндірістерді іске қосумен қатар, кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету, қажетті инфрақұрылымды дамыту және оларды жобалық қуатына шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Астықты терең өңдеу бағытындағы алғашқы нәтижелер де бар. Биыл Түркістан облысында «Қазкрахмал» зауыты, ал Жамбыл облысында Fufeng Group компаниясының жобасы іске қосылды. Жаңа кәсіпорындар крахмал және басқа да өңделген өнімдер өндірісін дамытуға бағытталған.
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
-
-
-
- Қазан, 28
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
29 қазан 2026