Астанада автобус жаяу жүргіншіні қағып, төрт адам ауруханаға түсті
Сәрсенбі күні Астанада IVECO маркалы автобустың жүргізушісі Байтұрсынов көшесімен келе жатып, жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған жаяу жүргіншіні қағып кетті, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Елордалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі ақпаратына сүйенсек, автобустың кілт тоқтауы салдарынан ішіндегі үш жолаушы да түрлі дене жарақатын алған.
«Жаяу жүргінші мен үш жолаушы медициналық мекемеге жеткізілді, қазіргі уақытта оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», – делінген полиция хабарламасында.
Аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан жедел жәрдем бригадасының зардап шеккендерді алып кетіп бара жатқан видеосы тарады. Желі қолданушылары қағылған жаяу жүргіншінің кішкентай қыз бала екенін жазуда, алайда бұл ақпаратқа қатысты ресми растау әлі түскен жоқ.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
28 қазан 2026