«Көзбояушылыққа жол беруге болмайды»: мемлекеттік басқару жүйесі реформаланады
Мемлекет басшысы өз жолдауында мемлеекттік басқару жүйесіне шынайы реформа қажет екенін айтты, деп хабарлайды Kursiv.media.
«Әрбір мекеме өз өкілеттігімен қатар, тұтас мемлекеттік аппараттың қалай жұмыс істейтінін нақты білуге тиіс. Жасанды интеллектінің көмегімен қайталанатын міндеттерді, басқару жүйесіндегі қарама-қайшылықтарды жою керек. Мемлекеттік аппарат қағазбастылықтан толық және біржола арылуы қажет. Шешім қабылдауға, яғни дамуға кедергі келтіретін барлық рәсімді қысқарту керек», – деді президент.
Мемлекеттік қызметшілер кәсіби білікті, озық маман болуға тиіс.
«Өкінішке қарай, әзірге мұндай деңгейге жеттік деп айту қиын. Сондықтан мемлекеттік қызметшілерге арналған жаңа әдеп қағидаттарын әзірлеген жөн. Мемлекеттік қызметші, ең алдымен, Конституция талаптарын басшылыққа алып, Отанына және халқына адал қызмет етуге тиіс. Бұл жерде жекелеген өзгерістер туралы сөз болып отырған жоқ», – деді президент.Оның айтуынша, бізге шынайы реформа қажет.
«Көзбояушылыққа жол беруге болмайды. Бұл – құқықтық және қаржылық шаралар қабылдауды талап ететін аса күрделі үдеріс. Президент әкімшілігі 2027 жылдың 1 маусымына дейін мемлекеттік басқару жүйесін реформалауға қатысты кешенді жоспар ұсынуы керек. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік басқару жүйесін цифрлық технология мен жасанды интеллектіге негізделген жаңа экономикаға бейімдеп, жаңғырту қажет» – деді Тоқаев.
Тағы да оқыңыз: Тоқаев Әлеуметтік саясатты қайта қарауды тапсырды
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
28 қазан 2026