Алаяқтар смартфондағы жеке деректерді қалай ұрлайды
Смартфон жоғалса немесе оған зиянды бағдарлама орнатылса, жеке хат, құжаттар мен банк қосымшаларындағы мәліметтер бөтен адамдардың қолына түсуі мүмкін, деп хабарлайды Kursiv.media.
Fingramota.kz мамандары телефондағы деректерге қауіп төндіретін алты жағдайды атап, олардан қорғану жолдарын түсіндірді.
Смартфон жоғалғанда қауіп тек құрылғының құнымен шектелмейді. Телефонда жеке құжаттардың суреттері, электрондық пошта, хат алмасу және қаржылық қосымшалар сақталуы мүмкін. Егер құрылғы қарапайым PIN-кодпен қорғалса немесе маңызды қосымшалар ашық тұрса, бөгде адам оларды пайдаланып кетуі әбден мүмкін.
Мұндай жағдайда телефонға күрделі құпия код орнатып, биометриялық қорғауды және құрылғыны қашықтан бұғаттау функциясын қосқан жөн. Смартфон жоғалса, оны қашықтан бұғаттап, байланыс операторына және банкке хабарлау қажет.
Алаяқтар кейде өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, телефонға «қауіпсіздік» орнатуды ұсынады. Сілтеме арқылы жүктелген бағдарлама хабарламаларға, экранға немесе телефонды басқару функцияларына қол жеткізуі мүмкін.
Сондықтан қосымшаларды тек ресми дүкендерден жүктеп, оның қандай рұқсаттар сұрайтынын тексеру керек. Банк қызметкері телефонды қорғау үшін белгісіз қосымша орнатуды талап етсе, мұндай ұсынысқа сенбеген жөн.
Кейбір вирустар телефонды бұғаттамай-ақ, фондық режимде жұмыс істейді. Мұндай құрылғы алаяқтар басқаратын ботнеттің бір бөлігіне айналып, зиянды хабарламалар тарату немесе басқа да заңсыз әрекеттер үшін пайдаланылуы мүмкін.
Телефонның батареясы әдеттегіден тез таусылса, құрылғы қатты қызса немесе интернет-трафик күрт көбейсе, оның себебін тексерген жөн. Бұл белгілердің басқа себептері де болуы мүмкін. Қауіптің алдын алу үшін операциялық жүйені жаңартып, белгісіз қосымшаларды жойып, құрылғыны қауіпсіздік бағдарламасымен тексеру қажет.
Белгісіз файлды ашу немесе күмәнді сайттан бағдарлама жүктеу салдарынан смартфонға бопсалаушы вирус түсуі мүмкін. Ол фотосуреттер мен құжаттарды шифрлап, оларды қайта ашу үшін ақша талап етеді.
Алайда ақша аудару файлдардың қалпына келуіне кепілдік бермейді. Сондықтан маңызды деректердің резервтік көшірмесін тұрақты жасап отырған дұрыс. Егер құрылғыға вирус жұқса, оны интернеттен ажыратып, маманның көмегіне жүгіну керек.
Қоғамдық орындардағы тегін Wi-Fi желілерінің арасында алаяқтар ашқан жалған нүктелер де болуы мүмкін. Олар арқылы пайдаланушыны жалған сайтқа бағыттап, телефон нөмірін, құпиясөзін немесе банк картасының деректерін енгізуге итермелейді. Қоғамдық Wi-Fi желісіне қосыларда оның атауын мекеме қызметкерлерінен нақтылаған жөн. Тегін интернетке қосылу үшін банк картасының деректерін енгізбеңіз. Маңызды қаржылық операциялар жасағанда мобильді интернетті пайдаланған қауіпсіздеу.
NFC технологиясы арқылы төлем жасаған кезде, банк шотындағы ақша ұрланбайды. Дегенмен алаяқтар осы технологияға қатысты қорқынышты пайдаланып, өзін банк қызметкері ретінде таныстыруы мүмкін. Олар төлем жүйесіндегі ақауды түзету немесе қауіпсіздікті тексеру деген сылтаумен арнайы қосымша орнатуды ұсынады.
Мұндай бағдарлама алаяқтарға телефон экранын көруге немесе құрылғыны қашықтан басқаруға мүмкіндік беруі ықтимал. Сондай-ақ экранды бұғаттау функциясын пайдаланып, банк операциялары туралы хабарламаларды қосу қажет.
Жақында ұлттық банк алаяқтармен күресетін арнайы сайтты іске қосты.
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
- Қазан, 27
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
28 қазан 2026