Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Бұғатталған шоттар: Кім жауапты?

kz.otyrar.kz

Бұғатталған шоттар: Кім жауапты?

Жеке сот орындаушыларының әрекетінен банк шоттары бұғатталып, азаматтар күнкөріс қаражатынан айырылып қалуы мүмкін. Қазақстанда қарызды мәжбүрлеп өндіріп алу кезінде заңбұзушылықтар орын алып жатқаны қайта көтерілді. Әділет министрлігі де бұл саладағы бақылау жүйесінде кемшіліктер барын мойындап отыр. Қадағалау тетіктерін қалай жетілдіру керек? Азаматтардың құқықтарын қалай қорғауға болады?

Мүлікті бұғаттау, банк шоттарына қолжетімділікті шектеу. Заңды негіз болған жағдайда мұндай шараларды қолдану жеке сот орындаушыларының құзыретіне кіреді. Алайда олардың қателігі немесе заңсыз әрекеті азаматтарды тығырыққа тіреп, күнкөріс қаражатынан айыруы мүмкін. Былтыр Әділет министрлігіне 215 мыңнан астам өтініш түскен. Оның шамамен 40 пайызы атқарушылық іс жүргізуге қатысты. Ведомство өкілдері бұл жағдай бақылау жүйесін жетілдіру қажеттігін көрсететінін мойындады.

«Өтініштерді қарау барысында шараларды уақтылы қабылдамау, жеке сот орындаушыларының қызметіне жеткілікті бақылау жасамау, шағымдарды формалды түрде қарау және істің мән-жайларын жан-жақты талдамау фактілері анықталды. Бұл бақылау мен ден қою тетіктерін одан әрі жетілдіру қажеттігін көрсетеді»

ҚР ӘДІЛЕТ МИНИСТРЛІГІ

Жеке сот орындаушыларының қызметіне қатысты шағымдар аз емес. Дегенмен олардың барлығы бірдей негізді бола бермейді. Заңгерлердің айтуынша, кейбір борышкерлер қарызды өндіріп алу процесін созу үшін түрлі уәж айтады. Бірақ азаматтардың құқығы шынымен бұзылатын жағдайлар да кездеседі. Әсіресе сот орындаушыларының әрекетінен адамның күнкөрісіне қажетті қаражаттың түгелдей бұғатталуы күрделі мәселеге айналып отыр.

СЕРГЕЙ УТКИН, ЗАҢГЕР: «Мысалы, адамның жалғыз табыс көзі жалақысы, зейнетақысы немесе жәрдемақысы болуы мүмкін. Ал бір сәтте осы қаражаттың бәрі бұғатталып, адам күнкөріс көзінен толықтай айырылады. Аш қалса да, амалсыз жағдайға түседі. Мұндайда сот орындаушысының әрекеті, әрине, заңсыз. Заң бойынша ол табыстың жартысынан көбін ұстап қала алмайды. Ал кейбір жәрдемақылардан мүлде өндіріп алуға болмайды. Жалпы, заңда ең төменгі күнкөріс деңгейіне қатысты норма бар. Адамның қолында күнкөрісіне жететін қаражат қалуы керек».

Жеке сот орындаушыларының негізгі міндеті – сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету. Алайда бұл жұмыс азаматтардың қаржылық мүддесіне тікелей әсер ететіндіктен, салада келіспеушіліктер де жиі туындайды. Кәсіби қауымдастық өкілдері де бақылау тетіктерін күшейту қажеттігін мойындайды. Олардың айтуынша, бұл бағытта заңнамалық өзгерістер де қолға алынған.

НЕСІБЕЛІ БАСЕНОВА, ҚР ЖЕКЕ СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПАЛАТАСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ МҮШЕСІ: «Әділет министрінің ескертулеріне келсек, менің ойымша, сот орындаушыларының қызметіне бақылау жеткіліксіз жүргізіліп отырғаны туралы пікір орынды болуы мүмкін. Дегенмен биыл атқарушылық іс жүргізу саласындағы заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізілгенін де атап өту керек. Сот орындаушыларына бақылау күшейтілді. Кәсіби ассистент институты енгізілді. Сонымен қатар уәкілетті органның, яғни Әділет органдарының қызметіне де бақылау күшейтілді».

Сарапшылардың пікірінше, бақылауды күшейту жеке сот орындаушыларының жұмысын ашық әрі жауапты етуі тиіс. Бірақ бұл қарызды өндіріп алу процесіне кедергі келтірмеуі керек. Өйткені атқарушылық іс жүргізудің тиімділігі тек несие берушілер үшін ғана емес, айлап, тіпті жылдап алимент ала алмай жүрген балалар үшін де маңызды. Сондықтан борышкерлердің құқықтарын қорғау мен сот шешімдерін уақытылы орындау арасында әділ тепе-теңдік сақталуы қажет.

Нұргүл Жолымбетова

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
28 қазан 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар