Әлемдік тәжірибе: Депутаттар байлардың салықты көп төлеуіне қатысты пікір білдірді
Құрылтай депутаттары елдегі бай-бағландардың салықты прогрессивті шкала бойынша төлеуі әділетті деп тұжырымдайды. Әзірге бұл салықтың қанша болатыны нақтыланбаған. Үкімет алдағы 2-3 аптада Салық кодексіне енгізілетін нақты өзгерістерді Құрылтайға ұсынуы керек.
Құрылтай депутаты Ерлан Сайыров дәулетті адамдарға «сән-салтанат салығын» салу – әлемдік тәжірибеде бар дүние деп санайды. Өйткені депутаттың айтуынша, 1990- жылдары жекешелендіру кезінде ел байлығын заңсыз басып алғандар жетерлік.
«Бұл мәселені айтып келе жатқанымызға біраз болды. Салынатын салық көлемі прогрессивті болуы болуы керек. Бұл – әлемдік тәжірибе. Президент «дәулетті адамдар салықты көбірек төлеуі керек» деп нақты айтты. 1990-жылдары жекешелендіру қалай өткенін білеміз. Сондықтан ол кезеңде ел байлығын иемденгендердің мемлекет алдындағы әлеуметтік және экономикалық жауапкершілігі де жоғары болуы шарт», – деді депутат.
Сайыровтың айтуынша, байлардың жылжымайтын мүлігі, қымбат көліктері, дүние-мүлкіне салық салынуы керек.
Ал депутат Айдос Сарым үкімет алдағы уақытта «сән-салтанат салығына» қатысты заңнамалық өзгерістерді Құрылтайға ұсынатынын айтады.
«Оны үкіметпен білесіп қараймыз. Біздің жоспарда бар. Үкімет алдымен депутаттармен бірлесіп арнайы жұмыс тобын құруы керек. Одан кейін кәсіпкерлер палатасы бар, бинес қауымдастық бар, солармен бірігіп, қай салда, қандай бағытта салық салынатыны туралы нақты ұсыныстарын әзірлеуі шарт», – деді ол.
Бұл ретте Сарым байлық дегенге үрке қарудың қажеті жоқ деп тұжырымдайды.
«Байлық дегенді жаман дүние деп есептемеуіміз керек. Қазақтың тарихында бай-бағландардың арқасында халық аман қалып отырған кездер бар. Қазіргі кезде шындап келетін болса, ірі салық төлеп отырғандар да – солар. Бұл бір жағынан капиталдың қашпауын, қорықпауын қамтамасыз ету болса, екінші жағынан – әділет принципін орнату», – деді ол.
Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов те дәулетті адамдарға қатысты прогрессивті салық шкаласы енгізілуін қолдайды. Депутат Құрылтай қабырғасында осы мәселе белсенді талқыланып жатқанын атап өтті.
«Былтыр Салық кодексін талқылаған кезде, бұл салық расында дәулеті тасыған азаматтарға салынуы тиіс екені айтылды. Оған орта және шағын бизнес өкілдері кірмейді», – дейді ол.
Бұл ретте депутат салық нақты табысы мен дүние-мүлкіне салынуы мүмкін екенін айтады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында салық саясатын жетілдіру және салық салудағы әділдікті қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталған. Мемлекет басшысы ірі дәулет иелеріне жоғары салық мөлшерлемесін енгізу мәселесін талқылауды ұсынды.
Қолданыстағы Салық кодексінде қымбат көлік пен яхта, қымбат алкоголь мен темекіге салынатын акциз көлемі белгіленген.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
28 қазан 2026