Тоқаев Әлеуметтік саясатты қайта қарауды тапсырды
28 қазанда Ақордада Тоқаев жыл сайынғы халыққа арналған Жолдауын оқыды. Соңғы уақытта қоғамда дау болған әлеуметтік саясаттың өзгеруі, жәрдемақы мәселесіне ерекше ден қойды деп жазады Kursiv Media.
Президент әлеуметтік саясатта үкімет қате жіберді дегенді айтты. Сөзінше, елде мектеп пен аурханалар тапшы болып отырғанда ауқатты отбасылар өзгелермен қатар жәрдемақы алып отырған.
«Бұл жағдай қоғамда мемлекетке арқа сүйеп, өз бетінше әрекет етуге ұмтылмайтын көзқарастың қалыптасуына ықпал етті. Сондай-ақ әлеуметтік көмек жүйесінде заңсыз әрекеттер мен жемқорлық схемаларының көбеюіне себеп болды. Негізсіз жеңілдіктер мен төлемдердің шамадан тыс көп болуы мемлекеттік аппараттың әлі де жетілмегенін, тіпті әлсіздігін көрсететінін анық түсінуіміз керек. Бұл – елдің болашағын қамтамасыз ету үшін ұзақ мерзімді жоспардың жоқтығының белгісі», – деді ол.
Осылай дей келе президент әлеуметтік саясатты түбегейлі қайта қарау деген міндет қойды. Оны қысқа мерзімді мәселелерді шешуге ғана емес, ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге бағыттау қажет керек екенін атап өтті.
Мемлекет басшысының сөзінше, үкімет алдындағы тұрған басты міндеттің бірі – мемлекеттік көмекті шын мұқтаж адамдарға ғана берілетіндей жүйе құруы тиіс. Ол бұл тақырыпта қоғамда қызу талқы болып жатқанын да айта кетті.
«Сондықтан бұл күрделі мәселені «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай», байыппен, салмақты көзқараспен шешу қажет. Артық қыламын деп, тыртық қылуға мүлдем болмайды. Кез келген реформа терең сарапталып, мұқият зерттеліп, азаматтардың жағдайын мейлінше ескере отырып жүргізілуге тиіс», – деп ескертті Тоқаев.
Ол әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдерін ойластырып, оны әуелі пилоттық режимде тексеріп көруді ұсынды. Тек содан кейін ғана кең ауқымда қолдану керек дегенді айтты.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
28 қазан 2026