Елде металдардың қорын тиімді басқаратын ұлттық жүйе құрылады
Қазақстанда металдардың қорын тиімді басқаратын ұлттық жүйе құрылады. Жыл сайынғы Жолдауында президент Тоқаев үкіметке осындай тапсырма берді деп жазады Kursiv Media.
Мемлекет басшысы Қазақстанның минералдар мен шикізатқа бай мемлекет екенін атап өте келе, геологиялық барлау тәсілдерін түбегейлі өзгерту қажет деді.
«Бізге озық технологиялардың көмегімен еліміздің жер қойнауын толыққанды зерттеп, деректердің ашықтығын және қолжетімді болуын қамтамасыз ету өте маңызды. Жаңа кен орындарын іздеу және барлау үдерісіне жеке қаражатты белсенді тартқан жөн. Бәріңізге мәлім, қазір айрықша маңызды металдардың рөлі артып келеді. Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, бізге де осындай металдардың қорын тиімді басқаратын ұлттық жүйе құру қажет», – деді ол.
Ол жүйеде тау-кен саласындағы жобаларды ұзақмерзімді қаржыландыруға мүмкіндік беретін нақты тетіктер болуға тиіс. Тоқаев бұл мәселені Үкімет алдында тұрған маңызды міндеттің бірі деп, жыл соңына дейін нақты ұсыныс енгізуді сұрады. Сондай-ақ ұлттық түрлі-түсті және сирек кездесетін металдардың қорын қалыптастыру қажеттілігі пайда болғанын да атап өтті.
Тоқаев Жолдауында инвесторларды тарту саясатына да көңіл бөліп, кемшін тұстарына да назар салды.
«Жаңа ашылған кәсіпорындар жұмыс істеп тұрған жергілікті бизнес нысандарына орынсыз кедергі келтірмеуі керек. Инвесторларды тартқан кезде де осы мәселеге мән беріп, әр аймақты, әр саланы мұқият зерделеген жөн. Қате шешімдердің салдары қандай теріс нәтижелерге әкеп соқтырғанын көріп отырмыз», – деді президент.
Осылай деген мемлекет басшысы аймақтарда жаңа ірі кәсіпорындар ашу деген жоспарды да сынға алды.
«Мәселен, елімізде металл өндіретін Qarmet деген ірі кәсіпорын бар. Соған қарамастан, тағы үш облыста дәл осындай өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Осы кәсіпорындардың өнімі нарықтың сұранысына ие бола ма? Бұл сұраққа нақты жауап жоқ сияқты. Сондықтан осындай үйлесімсіз шешімдердің пайдасы күмәнді екеніне дау жоқ», – деп атап өтті Тоқаев.
Осыған қатысты Үкіметтің үйлестіру рөлін күшейту қажет дегенді айтты. Аймақтар тек бір кәсіпорынға тәуелді болмайды, оның айналасында және ішінде де толыққанды біртұтас жүйе құруға назар салуы керек.
Оқи отырыңыз: Тоқаев 100 жылға жететін уран қорын құруды ұсынды
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
28 қазан 2026