Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Түркі елдерінің экономикасы: Қазақстан қай орында

kz.kursiv.media

Түркі елдерінің экономикасы: Қазақстан қай орында

30 қазанда Түркия астанасы Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммиті өтеді. Кездесуге ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары қатысады. Саммитте сауда, инвестиция, көлік, энергетика және экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланбақ.

Осыған байланысты Kursiv Media түркі мемлекеттерінің экономикасы көлемі жағынан бір-бірінен қаншалықты ерекшеленетінін салыстырып көрдік.

Халықаралық валюта қорының 2026 жылғы қазандағы World Economic Outlook болжамына сәйкес, алты түркі мемлекетінің жиынтық номиналды ЖІӨ-сі шамамен 2,6 трлн доллардан асады. Оның негізгі бөлігін Түркия экономикасы қалыптастырады.

Түркияның 2026 жылғы номиналды ЖІӨ-сі 1,8 трлн доллар шамасында болады деп болжанып отыр. Бұл қалған бес елдің экономикасын қосқандағы көлемнен де айтарлықтай жоғары.

Екінші орында Қазақстан тұр. IMF бағалауынша, ел экономикасының көлемі 2026 жылы шамамен 398 млрд долларға жетеді. Өзбекстанның ЖІӨ-сі 178 млрд доллар шамасында болады деп күтіледі.

Әзербайжан мен Түрікменстан экономикасының көлемі бір-біріне жақын. Әзербайжанда номиналды ЖІӨ шамамен 89 млрд доллар, Түрікменстанда 83 млрд доллар болады деген болжам бар. Ал Қырғызстан экономикасы 27 млрд долларға жуықтайды.

Экономиканың жалпы көлемі елдегі өмір сүру деңгейін толық көрсете алмайды. Сондықтан жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткішіне қарағанда рейтинг өзгереді.

Бұл көрсеткіш бойынша да Түркия бірінші орында. IMF болжамына сәйкес, 2026 жылы Түркияда жан басына шаққандағы номиналды ЖІӨ 21,1 мың долларды құрайды.

Қазақстан екінші орында – 19,3 мың доллар. Яғни Қазақстан мен Түркия арасындағы айырмашылық шамамен 1,8 мың доллар ғана.

Үшінші орында Түрікменстан тұр. Онда бір адамға шаққандағы ЖІӨ 12,3 мың доллар деңгейінде болжанып отыр. Әзербайжанда бұл көрсеткіш 8,5 мың долларды құрайды.

Өзбекстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ 4,6 мың доллар, ал Қырғызстанда 3,6 мың доллар шамасында болады.

Өзбекстанның жағдайы ерекше. Елдің жалпы экономикасы түркі мемлекеттері арасында Түркия мен Қазақстаннан кейін үшінші орында болғанымен, халық саны көп болғандықтан жан басына шаққандағы көрсеткіш айтарлықтай төмен.

Керісінше, Түрікменстанның жалпы экономикасы Өзбекстаннан екі еседен астам кіші болғанымен, халық саны аз болғандықтан жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіші әлдеқайда жоғары.

Қазақстан екі рейтингте де жоғары орында тұр: жалпы экономика көлемі бойынша Түркиядан кейін екінші, жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша да екінші.

Жан басына шаққандағы номиналды ЖІӨ-ні халықтың нақты табысымен теңестіруге болмайды. Бұл көрсеткіш елде өндірілген тауарлар мен қызметтердің жалпы құнын халық санына бөлу арқылы есептеледі.

Оның үстіне доллармен көрсетілген нәтиже ұлттық валютаның айырбас бағамына да тәуелді. Айта кетейік, IMF деректері 2026 жылдың толық қорытындысы емес, жылға арналған болжам екенін де ескерген жөн.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
29 қазан 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар