Lexus ұзаққа шыдайтын премиум көліктер рейтингінде бірінші орынға шықты
Lexus 400 мың шақырымнан астам жол жүре алатын премиум көліктер рейтингінде көш бастады. Мұндай қорытындыға iSeeCars сарапшылары 2026 жылғы автокөліктердің ұзақ мерзімді төзімділігіне арналған зерттеуінде келген.
Рейтинг авторлары 395 миллионнан астам автокөлік туралы деректерді зерттеген. Одометр көрсеткіштеріне сүйене отырып, машиналардың 400 мың шақырымнан астам жол жүру ықтималдығын есептеген. Бұл ретте жолдарда кең таралған модельдер ескеріліп, ауыр жүк көліктері мен деректері жеткіліксіз автокөліктер зерттеуден шығарылған.
Зерттеу көліктің қаншалықты жиі бұзылатынын немесе оны жөндеу қанша тұратынын емес, ұзақ қашықтықты жүріп өту ықтималдығын бағалайды.
iSeeCars есебіне сәйкес, Lexus көліктерінің 400 мың шақырымнан астам жол жүру ықтималдығы 14,4%, ал Acura маркасында бұл көрсеткіш 9,5%-ды құраған.
Lexus модельдерінің ішінде LS седаны ерекше көзге түсті. Оның 400 мың шақырымнан астам жол жүру ықтималдығы 38,8%-ға жеткен.
Премиум маркалар арасында орташа көрсеткіштен жоғары нәтиже көрсеткен басқа өндірушілер де бар. Атап айтқанда, Lincoln көліктерінің көрсеткіші 4,7%, ал Cadillac маркасында 3,9% болған.
Салыстыру үшін, барлық премиум маркалар бойынша орташа көрсеткіш 3,4%-ды, ал жалпы автокөліктер арасында 5,4%-ды құраған.
Рейтингтің төменгі сатысына Porsche (13-орын), Buick (12-орын), Land Rover (11-орын), Audi (10-орын) және BMW (9-орын) жайғасқан. Бұл маркалардың көліктерінің 400 мың шақырымнан астам жол жүру ықтималдығы 0,3–0,5% аралығында болған. Олардан жоғары орындарға Infiniti (8-орын), Volvo (7-орын), Mercedes-Benz (6-орын) және Tesla (5-орын) шыққан. Бұл маркалардың көрсеткіштері 2,5–3,3% аралығында.
Ал Jaguar мен Maserati көліктерінің 400 мың шақырымнан астам жол жүру ықтималдығы 0% деп бағаланған. Дегенмен зерттеу авторлары мұндай нәтижеге деректердің жеткіліксіздігі әсер етуі мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан бұл көрсеткіштер аталған маркалардың барлық көлігі сенімсіз дегенді білдірмейді.
Зерттеу нәтижелері Lexus пен Acura маркаларының ұзаққа шыдайтын жапон көліктері ретіндегі беделін көрсетеді. Бұл олардың Toyota және Honda компанияларымен байланысты қалыптасқан репутациясына да сай келеді.
Алайда көліктің ұзақ қашықтықты жүріп өту ықтималдығы оның сенімді болатынына кепілдік бермейді. Әсіресе жүрілген көлікті сатып алғанда, оның техникалық жағдайын, бұрын қалай пайдаланылғанын және қаншалықты дұрыс қызмет көрсетілгенін ескерген жөн.
Тағы да оқыңыз: Lexus LBX моделі жаңартылды
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
29 қазан 2026