Алматыда «әйелімнен таяқ жедім» деген ер адам әділдік іздеп, прокуратураға келді
Алматы қаласында «әйелімнен таяқ жедім» деген ер адам әділдік іздеп, прокуратураға келді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Адвокат Тілеужан Кішкенебаевтың айтуынша, ер адам әйелімен ажырасқанымен, бір үйде тұрып жатыр. Бірақ бөлмелері бөлек.
«Әйелі қайта-қайта шу көтеріп, күйеуіне қол жұмсап, бет-аузын тырмалап, көрсетпегенді көрсетіп жатыр. Сол бойынша жәбірленуші видеоға түсіріп алған. Видео бойынша, полицияға арызданған. Ол кісінің арызы тіркеледі. Бірақ ешқандай да жұмыс жүрмейді. Істі қайта-қайта жауып тастай береді», – деді адвокат Әуезов ауданың прокуратурасының алдында.
Тілеужан Кішкенебаевтың айтуынша, алайда, бұрынғы әйелі арызданса, ер адамды 14 күнге қамап тастаған.
«Бұл қандай заман болды? Ақырзаманның белгісі деп айтамыз ба? Не болғанын түсінбей жатырмыз. Бұл кісі: «Қазақстанда әділдік жоқ. Дауыс көтермесем де, мен он төрт күнге қамаламын. Бет-аузымды тырнап, шешесімен қосылып сабаған видеоны ұсынсам да, ешқандай жауапкершілік қарастырылмай жатыр» дейді», – деп шағымданды адвокат.
Ер адам адвокатының сөзін 100 пайыз шын екенін растады. Кішкенебаевтың айтуынша, әйел қайта-қайта 102-іні шақыра берген. Сондай-ақ, ешқандай дәйексіз, әйелдің сөзіне сеніп, бұл кісіні қамауға алған. Бірақ дәлелі болса да, әйелге қарсы шара қолданылмаған.
Айта кететін жайт, қорғаушы Жанна Оразбахова өзінің әлеуметтік парақшасында Алтынай есімді келіншектің оқиғасын баяндады. Айтуынша, келіншек өзінің күйеуінен таяқ жеп, соның салдарынан 3-ші топ мүгедегі атанған.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
29 қазан 2026