Мұғалімдер толтыратын құжаттар саны 25-тен 5-ке дейін қысқаруы мүмкін
Қазақстанда педагогтер толтыруға міндетті құжаттар саны 25-тен 5-ке дейін қысқаруы мүмкін. Сонымен қатар, мектептерде қолданылатын 70-тен астам цифрлық жүйені біріктіру жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, 2020 жылы бекітілген №130 бұйрыққа сәйкес, педагогтер 25 құжат жүргізуге міндетті. Енді министрлік бұл тізімді беске дейін қысқартуды көздеп отыр.
«Педагогтердің кәсіби қызметіне тән емес жүктемесін азайту және олардың қоғамдағы мәртебесін нығайту мәселесі өте өзекті», – делінген баяндамада.
Қысқартылған тізімге мына құжаттар енгізілмек:
Осы өзгерістерге байланысты тиісті нормативтік-құқықтық актілерге түзетулер енгізу жоспарланып отыр.
Оқу-ағарту министрлігі жүргізген бағалау нәтижесінде орта білім беру саласында 70-тен астам цифрлық жүйе мен сервис қолданылатыны анықталған. Олар электрондық журналдар мен күнделіктерді жүргізуге, білімді бағалауға, мемлекеттік қызметтер көрсетуге және оқушыларды есепке алуға пайдаланылады. Бір өңірде орта есеппен 10-ға жуық жүйе бар.
Осыған байланысты министрлік бірыңғай цифрлық архитектура қалыптастыруға кіріскен. Оның негізгі бөлігі Ұлттық білім беру деректер базасы болмақ.
Сонымен қатар, қолданыстағы барлық LMS-жүйесін Ұлттық білім беру деректер базасымен интеграциялау міндетін енгізу жоспарланып отыр. Бұл бір мәліметті бірнеше рет енгізу қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді.
Министрлік қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын қысқарту және мұғалімдердің әкімшілік жүктемесін азайту мақсатында Ұлттық білім беру жасанды интеллект платформасын құрып жатыр.
Бұдан бөлек, педагогтерге қысым көрсету, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру, сондай-ақ мұғалімдер мен оқушылар арасындағы жанжалдарға қатысты жағдайлар зерделенеді. Талдау нәтижелері бойынша тиісті нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру көзделген.
Кеше, 28 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы кезінде мұғалімдердің жұмыс жүктемесін азайту міндеті әлі де толық орындалмай отырғанын мәлімдеді. Бұрынғы қағазбастылықтың орнын цифрлық платформалар мен жүйелерге есеп енгізу жұмысы басқанын айтты.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
29 қазан 2026